$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.12.2020, 18:52
Үкімет

Судьялар жемқорлық қылмысы үшін басқалардан көбірек жаза алатын болады – Шпекбаев

Агенттік төрағасы Мәжіліс мақұлдаған жемқорлыққа қарсы реформалардың үшінші пакеті жайында айтты

Судьялар жемқорлық қылмысы үшін басқалардан көбірек жаза алатын болады – Шпекбаев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасуда. Бүгін Алик Шпекбаев мемлекеттік органдар, қаржы институттары, табиғи монополиялар субъектілері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілдерінің қатысуымен «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске қажетті барлық қызметтерді көрсету үдерісі орталықтандырылған «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесінің мүмкіндіктерімен танысты.

«Бизнесті қорғау және қолдау – агенттіктің басты басымдықтарының бірі. Осы жылдың 10 айында біз 300-ге жуық кәсіпкердің құқықтарын қорғап, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының 160 фактісінің жолын кестік», - деп атап өтті Шпекбаев.

Одан әрі агенттік төрағасы «Protecting business and investments» жобасы аясында жемқорлыққа қарсы сүйемелденетін «Кублей» және «Квант» облыстық кәсіпорындарының өндірістік үдерісімен және өнімдерімен танысты. Айта кету керек, екі жыл ішінде өңірде жалпы құны 853 млрд теңгені құрайтын жобаларды жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы 22 келісімге қол қойылды.

«Елбасы атап өткендей, экономиканың 60-70% шет елдердегідей жеке қолда болуы тиіс. Бұған қол жеткізу үшін біз жұмыс істеп тұрған бизнесті қорғап қана қоймай, болашақ кәсіпкерлерге жайлы, тұрақты және сыбайлас жемқорлықтан таза кәсіпкерліктің барлық жағдайлары бар екенін және жыл сайын тек жақсара түсетінін көрсетуіміз керек», - деп мәлімдеді инвесторлармен кездесуде А. Шпекбаев.

Агенттік басшысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, Сервис және жаңа технологиялар колледжінде болып, сондай-ақ геопорталды дамытуға, мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және облыс әкімдігіне сервистік үлгіні енгізуге белсенді қатысатын «Ақжайық - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметімен танысты.

Ата-аналары бас тартқан ерекше қажеттіліктері бар балалар да назардан тыс қалмады. А.Шпекбаев пен қоғам өкілдері Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, олардың өмір сүру жағдайымен танысты. 

БҚО-ға екі күндік жұмыс сапары азаматтық сектор өкілдерімен, облыс активімен, бизнес-қоғамдастықпен және журналистермен кездесумен қорытындыланды. Оның барысында А.Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың өзекті новеллалары мен агенттіктің бір жылдағы жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Қазір Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларының үшінші пакетін Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа берді. Бұл жемқорларға айтарлықтай әсер ететін ең мықты түзетулер. Атап айтқанда, шенеуніктер үшін шетелдік банктердегі шоттарға тыйым салынады, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату жойылады. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар бұдан былай лауазымды тұлғалардың басқа санаттарына қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін көбірек жаза алатын болады», - деп кездесу барысында.

Азаматтық қоғам өкілдерінің негізгі мәселелері тұрғын үй алу, халыққа әлеуметтік жәрдемақы беру, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікке қатысты болды. Алик Шпекбаев ауданның әр тұрғынын тыңдап, азаматтардың түйткілді мәселелерін шешу бойынша тиісті жауаптар мен тапсырмалар берді.

Серіктес жаңалықтары