Мәдениет министрі мемлекеттік туды пайдаланудың негізгі тәртібін түсіндірді
Қазақстанда мемлекеттік туды ғимараттар мен балкондарда ілуге рұқсат етілді
3 желтоқсанда қазақстандықтарға патриоттық сезімін білдіру үшін еліміздің мемлекеттік туын ғимараттар мен балкондарда ілуге рұқсат етілді. Қаулыға Премьер-министр Асқар Мамин қол қойды.
Бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен брифингте қазақстандықтарға рұқсат етілген мемлекеттік туды пайдаланудың негізгі тәртібін түсіндірді.
Министрдің айтуынша, ҚР мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана (орнату, орналастыруға) алады.
Сонымен қатар, жеке тұлғаларға осы қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес ҚР мемлекеттік туын бір қабатты және (немесе) көпқабатты ғимараттарда экстерьер нұсқасында орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді.
Бұдан былай жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын ҚР мемлекеттік туын тәуліктің қараңғы уақытында жарық құралдарын қолданбай пайдалана алады.