Қазақстандағы кей шағын қалаларға ауыл мәртебесі беріледі
Ауыл тұрғыны атанатын осы елдімекен тұрғындары тиісті әлеуметтік қолдау ала алады
10 мыңнан аз адам тұратын Қазақстанның шағын қалалары ауылға айналады. Сенат депутаттары заңнамаға осындай түзетулер енгізу үшін дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда аудандық маңызы бар 48 қаланың 13-і халық саны бойынша «қала» санатына сәйкес келмейді. Себебі, онда тұрғындар саны 10 мыңнан аз. Сенат депутаттары бұл мәселені шешу үшін әкімшілік-аумақтық құрылым бойынша заңнамаға түзетулер әзірледі.
«Осы заң жобасына аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру бойынша құзыретін айқындайтын түзетулер енгізіледі», – деп түсіндірді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.
Депутаттың айтуынша, ауыл тұрғыны мәртебесін алып, тиісті мемлекеттік әлеуметтік қолдауға ие болу мүмкіндігі бар. Мысалы, ауыл тұрғынына денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлерінің жалақысына 25%-дан кем емес үстеме ақылар қосылады. Бұдан басқа, тұрғындар коммуналдық төлемдерге, қызметтік тұрғын үйлерге, «Дипломмен ауылға», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары бойынша кәсіптік білім алуға, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға қатысты бірқатар жеңілдіктерді пайдалана алады.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан