$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2020, 14:20
Үкімет

Парламент Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерді қабылдады

Тиісті құжат қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілді

Парламент Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерді қабылдады
Фото: sputniknews.kz

Сенат депутаттары персоналды ұсыну бойынша қызмет көрсету мәселелерінде кейбір заңнамалық актілерге түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Сергей Ершов баяндама жасай отырып, құқықтық реттеудің жоқтығынан қарыз еңбегі қызметкерлері құқығының өрескел бұзылу жағдайлары туралы айтты.

Оның мәліметінше, жұмыстың күрделілігі, саны мен сапасы, біліктілік деңгейі бойынша штаттағы қызметкерлермен ұқсас міндеттерді орындайтын қызметкерлер оларға қарағанда әлдеқайда азырақ еңбекақы алады.

«Олар салалық келісімшарттарымен қорғалмайды, әдетте, зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы алмайды, ұжымдық шарттардың қатысушылары емес, тиісінше, ешқандай әлеуметтік пакеттер жоқ. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде жұмыс істеуге жіберілетін саланың қызмет түрі бойынша сақтандырылмауына байланысты, өндірісте жарақат алған және тіпті қаза тапқан жағдайда да тиісті түрде қорғалмайды», - деп түсіндірді сенатор.

Еңбек кодексіне келесі түзетулер енгізіледі:

  • жіберуші тараптың қызметкерлеріне қатысты еңбекақы төлеу саласында кемсітушілікке тыйым салынады;
  • қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жіберуші тараптың қызметкерлері үшін жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары көзделеді;
  • еңбегі ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда жүзеге асырылатын жіберуші тараптың қызметкерлеріне жоғары лауазымдық айлықақылар немесе қосымша ақылар белгіленеді;
  • еңбегі ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда жүзеге асырылатын жіберуші тараптың қызметкерлеріне жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы көзделеді.

Сондай-ақ депутаттар өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелері берілмеген жағдайда жіберуші тарапқа қабылдаушы тараппен персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсетуге шарттар жасасуға тыйым салуды ұсынды.

Заңда жұмыс берушінің жіберуші тараптың қызметкерлері алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде болған жағдайда оларды жұмыстан шеттету міндеті бекітілген. Сонымен қатар, жіберуші тарап қызметкерінің қабылдаушы тараптың актілеріне сәйкес профилактикалық медициналық тексеруден өту міндеті де бекітілген.

Еңбек кодексі «жіберуші тарап», «жіберуші тараптың қызметкерлері», «қабылдаушы тарап», «қабылдаушы тараптың актілері» және «персоналды беру» сияқты жаңа анықтамалармен толықтырылады.

Кәсіпкерлік кодекске жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбегін пайдаланатын кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны жіберуші тараптың жұмыскерлері ескеріле отырып айқындалатын норма енгізіледі.

Сондай-ақ, жұмыс беруші рұқсаттар бойынша тартатын шетелдік жұмыс күшінің саны персоналды беру жөніндегі шарт шеңберінде еңбек қызметін жүзеге асыратын қызметкерлерді ескере отырып, қазақстандық кадрлардың санымен пайыздық арақатынасқа сәйкес келуі тиіс деп көзделеді.

Аутстаффинг - бұл қызметкерлерді компания штатына шығару. Аутстаффинг кезінде персонал нақты жұмыс беруші болып табылатын фирмамен емес, делдал ұйыммен немесе аутстаффермен еңбек шарттарын жасайды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары