Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыруға 50 млрд теңге жұмсалмақ

Алдағы 5 жылда 100 млн гектардан астам жер цифрландырылады

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыруға 50 млрд теңге жұмсалмақ
ғарыштық мониторинг, көрнекі фото

Бүгінде ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың бірыңғай жүйесіне 35 миллионнан астам мал басы енгізілген. Онда 4,5 мыңға жуық ветеринария маманы жұмыс істейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде Парламент ветеринариялық паспортты электрондық түрде беру мәселесін қарастырып жатыр. Қазір өсімдік шаруашылығында рұқсат беру құжатының 11 түрі цифрландырылған. Ал мал шаруашылығы саласында 12 рұқсат беру құжатының 10-ы электрондық форматқа ауысқан. Сонымен қатар, министр баяндама барысында ғарыштық мониторинг нәтижесімен бөлісті.

«Пилоттық өңірлерді ғарыштық мониторингтеудің бірінші кезеңі деректері бойынша пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар жер анықталды. Оның ішінде 2,6 млн га жайылым ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды. 5,7 млн га жер иелеріне бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілді», - деді Сапархан Омаров.

Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жер қатынасына қатысты мәселелерге тоқталды. Қазір елімізде Жер учаскелері шекараларының сәйкессіздігіне қатысты шағым әлі де көп екен.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жобасы іске асырылуда. Бұл жер қатынастары бойынша процесстерді автоматтандыру, құжаттар саны мен қызметті көрсету мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Бағдат Мусин.

Премьер-министр Асқар Мамин алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін 2,5 есеге, ал өнім экспортын 2 есеге ұлғайту керек екенін айтты. Сондай-ақ экспортталатын өнімнің 70 пайызы өңделген болуы тиіс екенін атап өтті.

«Бұл міндеттерге қол жеткізудегі басты құралдардың бірі - еліміздің агроөнеркәсіп кешенін толықтай цифрландыру. Жалпы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 100 млн гектардан астам жер бес жылдың ішінде цифрландырудан өткізіледі. Оған мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 50 млрд теңге инвестиция құйылады», - деді Асқар Мамин.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.