$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.12.2020, 11:30
Үкімет

Елімізде мүгедек жандарға қызмет көрсету стандартына сай емес 7 теміржол вокзалы бар

Атамқұлов вокзалдарды жаңғыртуға 800 млн теңге қажет екенін айтты

Елімізде мүгедек жандарға қызмет көрсету стандартына сай емес 7 теміржол вокзалы бар
Сарышаған станциясы, көрнекі фото: mapio.net

Елімізде жеті теміржол вокзалының сапасы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету стандарттарына сай келмейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды тасымалдау стандарттарының сақталуын үздіксіз қадағалап отыр. Ал теміржол көлігі саласында әлі де бірқатар проблема бар.

«2022 жылдың соңына дейін арнайы вагондардың жетіспеушілігі проблемасын толық шешу жоспарланған. Қазір 99 вокзал мүгедек жандарға қызмет көрсету талаптарына толық сәйкес келеді. Жергілікті атқарушы органдарға қарасты жеті теміржол вокзалы белгіленген талаптарға сәйкес келмеді. Вокзалдарды жаңғыртуға 800 млн теңге қаражат қажет», - деді министр.

Белгілі болғандай, биыл мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге 448 млрд теңге бағытталған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық.

Сондай-ақ Үкімет отырысында ҚР Тұңғыш Президенті қорының бастамасымен салынып жатқан 8 балаларды оңалту орталығы жыл соңына дейін ашу жоспарланғаны хабарланды.

Бұдан бөлек, Үкімет отырысында білім және денсаулық сақтау салаларындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты өзекті мәселелер сөз болды. Премьер-министр Асқар Мамин салаға жауапты ведомство басшыларына тиісті тапсырма жүктеді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі жылы мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтуды 80 пайызға дейін, 2025 жылы 100 пайызға дейін қамтамасыз етуі керек. Әкімдіктер ХҚКО-ларда мүгедек адамдар үшін өз-өзіне қызмет көрсету аймақтарын ұлғайтуы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектіктің алдын алу үшін сырқаттарға диагностиканы ерте жүргізуге көңіл бөле отырып, салынып жатқан барлық оңалту орталықтарын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуі керек. Білім министрлігі де әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылы балаларды инклюзивті біліммен қамтуды 50%-ға дейін кеңейтуі қажет. Ал индустрия министрлігіне вокзалдарды жаңғыртуды аяқтау және қоғамдық автобус паркін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету талаптарына толық сәйкестендіру тапсырылады», - деді Үкімет басшысы.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары