$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.11.2020, 12:41
Үкімет

Коронадағдарыс жалғасатын болса, Үкімет тағы да 42 500 теңгеден беруге дайын ба?

Жыл басынан бері Әлеуметтік сақтандыру қорынан 700 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған

Коронадағдарыс жалғасатын болса, Үкімет тағы да 42 500 теңгеден беруге дайын ба?
Біржан Нұрымбетов, фото: kursiv.kz

2021-2023 жылдары Ұлттық қордан бөлінетін трансферт туралы заң жобасында карантин күшейтілген жағдайда қордан қаражат бөлу тетігі қарастырылмаған. Бұл туралы депутат Алтынбек Нұхұлы Сенаттың бүгінгі кезекті отырысында айтты.

Алдағы жылы коронавирус инфекциясының таралуы тағы да өршитін болса, біраз азаматтың жұмыссыз қалу қаупі барын ескерген сенатор Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолдады.

«Пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатып, табысынан айырылған азаматтарды қолдауға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 600 мың адамға 476 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. 2021 жылы елімізде КВИ жағдайы тұрақталмайтын болса, жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау механизмі қандай болмақ?», - деді Алтынбек Нұхұлы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов аталған мәселеге қатысты нақты жоспар барын мәлімдеді.

«Заң бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бес әлеуметтік төлем іске асырылады. Пандемия кезінде уақытша жұмысынан айырылған азаматтарға 476 млрд теңге көлемінде және індеттен көз жұмған медицина қызметкерлерінің отбасыларына 20,5 млрд теңге төленді. Осы жылдың он айында қордың жалпы төлемі 704 млрд теңгеден асты. Бұл қорға түскен жарналардан 3 есеге көп. Экономика нашарлаған жағдайда Үкіметтің, Ұлттық банктің және қаржы нарығын реттеу агенттігінің бірлесіп бекіткен жоспары бар. Сол жоспар шеңберінде жұмыспен қамту шаралары және халықты әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған», - деді Біржан Нұрымбетов.

Бүгінде қордың инвестициялық портфелінде 1,1 трлн теңге активтер бары белгілі болды. Министрдің айтуынша, Қордың қаржылық жағдайы 2039 жылға дейін тұрақты болмақ.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары