$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.11.2020, 10:19
Үкімет

Ресейліктерге алданған қазақстандық 16 фермер Үкіметтен көмек сұрайды

Тапсырыс берілген 1269 асылтұқымды ірі-қараның тек 406-сы ғана жеткізілген

Ресейліктерге алданған қазақстандық 16 фермер Үкіметтен көмек сұрайды
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Ресейден асылтұқымды мал сатып алмақ болған қазақстандық 16 шаруа қожалығы алданып қалғанын айтты. Алдын ала төлем жасап қойған шаруаларға тапсырыс берілген 1269 асылтұқымды ірі-қараның тек 406-сы ғана жеткізіліп, ірі көлемде шығынға батқан. Бұл туралы бизнес-омбудсмен аппаратының басшысы Шыңғыс Темір өзінің Facebook-парақшасында мәлім етті.

Оның айтуынша, фермерлерге асылтұқымды малдың куәлігі де берілмепті.

Ал кәсіпкерлер асыл тұқымды малды сатып алу үшін 2018-2019 жылдары «ҚазАгро» холдингімен жүргізілген ірі қара импортын қаржыландыру жобасы бойынша ірі көлемде несие алған.

«Ресейлік жеткізушімен келісімшарт жасасқан 16 фермерлік шаруашылыққа 406 бас қана ірі қара жеткізілген. Аталған факт бойынша Ресейдің Набережные Челны қаласында қылмыстық іс қозғалды. Қазақстандық фермерлер зардап шегуші болып танылған. Олар аса ірі көлемде қаржылай шығынмен қоса, енді мемлекеттен субсидиялық көмек те ала алмайды. Өйткені, сатып алған ірі қара малдың асыл тұқымды екенін дәлелдейтін куәлік те берілмепті», - дейді Шыңғыс Темір.

Ресейлік жеткізушіден алданған фермерлер одан кейін елде де тыныштық таппаған. Ұлттық банк қарыз алғандарға қатысты валюталық заңнамаға сәйкес Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 251-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғаған. Яғни, шекара асқан мемлекет қаражатына тауардың жеткізілмей, Қазақстанға ақшаның кері қайтарылмағаны үшін фермерлерге 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу қаупі төнген.

«5 қараша күні біз бұл мәселені өткен жиында бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловқа жеткіздік. Бұл жерде шаруа қожалықтары валюталық заңнама талаптарын әдейі істеп отырмағанын айттық. Сондай-ақ, сот арқылы салынатын әкімшілік айыппұл онсыз да шығынға белшесінен батқан шаруаларды таза тақырға отырғызады ғой», - деді Шыңғыс Темір.

Үкімет хаттамалық тапсырма беріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық банктің бірлесіп мәселені қарастыруды жүктеген. 

Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы істі одан әрі жалғастырып, борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартуды тоқтатуын талап етпек. 

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары