«Әдемі сөйлегенмен, көздегендеріңіз басқа»: Мәжіліс төрағасы туристік лицензия туралы
Мәжілісте туристік қызмет мәселелері бойынша заң жобасын талқыланды
Отандық туризм компанияларына берілетін лицензия екі түрге бөлінді. Бұл туралы бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты.
Туристік қызмет мәселелері бойынша заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Сергей Звольский отандық туризм саласындағы лицензия мәселесін сөз етті.
«Бүгінде туризмнің 3 түрі бар: кіру, шығу және ішкі туризм. Алайда тек шығу туризмімен айналысатын туристік операторлардың ғана қызметі лицензияланған. Неліктен бұлай? Жалпы, лицензия туроператор жұмысының қаншалықты сапалы екендігін білдіреді. Демек, Мәдениет және спорт министрлігі шығу туризмінің сапасына көбірек алаңдатушылық танытады деген сөз. Депутаттар ішкі және кіру туризмдерінің лицензиясын сақтап қалу жөнінде өзгерістер енгізді. Осы орайда Сіздің позицияңыз қандай?», - деді депутаты министрге сауал жолдап.
Мәдениет және спорт министрі бүгінде туристік компанияларға берілетін лицензиялардың екі түрге бөлінгенін хабарлады.
«Мұндай жүйе әкімшілік кедергілерді жою үшін ұсынылды. Алайда депутаттар енгізген өзгерістерден кейін кіру туризміне де лицензия енгізу туралы шешім қабылданды. Енді туризм бағытына екі түрдегі бір лицензия берілетін болады. Шығу, кіру және ішкі туризмге арналған», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин лицензияға қатысты өзгерістер бизнесті қолдау аясында жасалып жатқанын айтқан министрдің бұл сөзімен келіспейтінін жеткізді.
«Туристік операторлардың қыметін бірнеше түрге бөлу ең алдымен сіздерге қажет болды. Мұны ашық айту керек. Дәлірек айтқанда, шетелдік турларды сатумен айналысатын елдегі туристік компаниялардың санын анықтау керек болды. Бұл орайда, басты мақсат - туристік операторлардың «Туристік қамқор» қорына қаражат төлеуін міндеттеу. Бар болғаны осы. Әдемі сөздің артында көздегендеріңіз басқа», - деді спикер.
Сонымен қатар, Мәжіліс спикері «лицензияның тек статистикалық көрсеткіш қана емес, бұл сапалы қызмет көрсететін компаниялардың нарыққа келуіне мүмкіндік беретін құрал» екенін айтты.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан