Қазақстан – Қытай үшін трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізіп отырған алғашқы мемлекет
Трансшекаралық өзендердің мәселелері әлі толық шешілмеген
Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу бүгінгі күннің негізгі проблемасына айналып отыр. Өйткені Қытай елі ешбір мемлекетпен су бөлу жөнінде келіссөз жүргізбейді. Бұл туралы бүгінгі Сенат отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.
Министр Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз мемлекет – Қазақстан екенін мәлімдеді. Қазір Қазақстан тарапы келісімге трансшекаралық өзендердің эко-жүйесін сақтау мәселелерін енгізуді талап етуде. Сонымен қатар, Мырзағалиев Өзбекстанмен арадағы шекаралас су шаруашылығы қатынастарының мән-жайына тоқталып өтті.
«Сырдария өзенінің бассейні бойынша негізгі проблема - су ресурстарын бөлу тәртібін бұзу. Қазақстан өзеннің төменгі ағысында орналасқан ел ретінде вегетация кезеңінде суармалы судың тапшылығын қатты сезінеді. Екі ел арасында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы талқыланды. Келіссөз жалғасуда», - деді жауапты министр.
Сондай-ақ тарнсшекаларлық су мәселесі бойынша Қырғызстанның келісім аясындағы шарттарды дұрыс орындамай жатқаны айтылды.
«Қырғыз тарапы Қазақстанға негізінен, Шу өзенінің бассейнінде орналасқан мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін мерзімді түрде сақтамайды. Оған қоса, біздің өңір қазір суы аз табиғи кезеңге тап болды. Өз кезегінде, су беру кестесін сақтамаудың барлық себептері алдағы қараша айының соңында өтетін комиссия отырысында талқыланады», - деді Мырзағалиев.
Сонымен қатар, Сенаттағы жиында министр Қазақстан мен Ресей арасындағы су қатынастарында Жайық өзенінің экологиялық мәселесі алаңдатушылық тудырып отырғанын айтты. Өзеннің суы бүгінде біршама азайған. Дегенмен алдағы уақытта екі ел арасында арнайы бағдарлама әзірленетіні мәлім болды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан