Ажар Ғиният экс-министр Біртановқа қатысты пікір білдірді

Бұрынғы министр бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынды

Ажар Ғиният экс-министр Біртановқа қатысты пікір білдірді
Елжан Біртанов, фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жақында бюджет қаражатын ысырап етуге жол берді деген күдікпен қамауға алынған бұрынғы министр Елжан Біртановқа қатысты түсініктеме берді.

«Өкінішке қарай, министрлік үшін қиын ақпарат. Құзырлы органдар қазір анық-қанығын анықтау бойынша айналысып жатыр», - деді Ғиният журналистердің сұрағына жауап беріп.

Ажар Ғиният экс-министрдің қамауға алынғаны туралы хабар ведомство жұмысына қаншалықты әсер еткені жайлы сұраққа да жауап берді.

«Әрине, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне қосымша жүктеме болады, тергеу органдары құжаттарды қарайды және қызметкерлерді жауап алу үшін шақырады», - деп толықтырды вице-министр.

Еске салайық, 3 қазанда Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Е.А. Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істі тергеліп жатқанын мәлімдеді.

Сымбат Ғалымжанқызы, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.