Мәжіліс Экологиялық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Депутаттар кодекс жобасына қатысты бірқатар ескерту жасады

Экологияны жақсарту мақсатында еліміздегі 50 ірі кәсіпорын қолжетімді ең озық технологияларға көшеді. Оған ластанудың 80%-ын құрайтын өнеркәсіп салаларындағы кәсіпорындар жатады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бірінші кезеңде ластанудың 80%-ын құрайтын мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларындағы 50 ірі кәсіпорынды қолжетімді ең озық технологияларға көшіру жоспарланған. Кодекс жобасында қоршаған ортаға әсерді бағалауға өту туралы талап қарастырылған, бұл «бірінші санатты» ірі кәсіпорындарға қатысты. Олардың тізбесі қайта қаралады және назар шынымен экологиялық қаупі жоғары нысандарға бағытталады», - деді министр.
Министрдің айтуынша, Міндетті қоршаған ортаға әсерді бағалауға 1-санаттағы нысандар жатады, 2-санаттағы объектілер скрининг арқылы өтеді. Скрининг нәтижесінде қоршаған ортаға әсерді бағалауға өткізу қажеттілігі немесе қажеттілігінің болмауы рәсімделеді.
Ал, 3-санаттағы объектілерді есепке алу мақсатында декларациялар қабылданады. Оған қоймалар, жиһаз цехтері, бетон өңдеу тораптары және қызметі жергілікті, қоршаған ортаны ластаудың болмашы сипаты бар өзге де нысандар жатады.
Ал 4-санаттағы нысандар реттеуден толық босатылған. Олар: автожуу, қоғамдық тамақтану, қуаттылығы аз қазандық қондырғылары бар микробизнес нысандары.
Еске сала кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары Экологиялық кодекс жобасына қатысты бірнеше ескерту жасап, құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан