Асқар Мамин мониторинг топтарының жұмысын сынға алды
Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Үкімет басшысы шектеу шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтардың жұмыс тиімділігінің төмендігін, азаматтардың карантин режимін және бизнес субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, байланыста болған адамдар мен науқастарды қадағалау жөніндегі жұмыстың нашарлығын атап өтті.
Оқи отырыңыз: 2 қарашадан бастап мешіттерде ұжымдық намаз оқуға рұқсат берілді
Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын әуе компанияларына ПТР-тестінің нәтижесі туралы анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салғызуды тапсырды. Рентген аппараттарын, жылжымалы медициналық кешендерді жеткізуді жеделдету тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігіне өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету, бір апта ішінде жеке қорғаныш құралдарының бағасын төмендету жөнінде шаралар қабылдау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, байланыста болған адамдарды, ауырғандарды қадағалау, субъектілердің санитарлық талаптарды сақтауына мониторинг жүргізу бойынша бағдарламаларды енгізу жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Екінші тоқсаннан бастап қандай мектептер дәстүрлі форматқа ауысады?
Өңірлердің әкімдеріне екі күн ішінде ұйымдастырылған ұжымдардың басшылығымен карантин режимін сақтау жөнінде арнайы кеңес өткізу, мектептер мен медицина ұйымдарында санитарлық режимді сақтау жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылуын жеке бақылауға алу тапсырылды.
Үкімет басшысы өңірлер әкімдіктеріне апта соңына дейін «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, санитарлық талаптардың сақталуы бойынша сауда-ойын сауық орталықтарының жұмысына мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұл ретте белгіленген талаптарды бұзушыларға қатысты олардың жұмысын тоқтата тұруға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады.