Елімізде 10 модульдік жұқпалы аурухананың құрылысы аяқталған – Асқар Мамин
Тағы үшеуі жыл соңына дейін салынып бітеді

Қазақстан үкіметі коронавирустың екінші толқыны болған жағдайда оған төтеп бере ала ма? Бүгін Премьер-министр Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған мәселеге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға есеп берді.
Айта кетейік, денсаулық сақтау саласының мамандары қараша-желтоқсан айларында елдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлауы мүмкін деген болжамын жаздан бері айтып келеді. Өйткені тұмау маусымы басталғанда COVID-19 инфекциясы да өршуі ықтимал. Қазірдің өзінде статистика вирусты жұқтырушылардың қатары қайта артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Үкімет жанынан құрылған ведомствоаралық комиссия болса ШҚО мен СҚО-да жағдайдың күрделенгенін ресми мәлімдеді.
ДӘРІ ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛМАЙДЫ
Ал, Асқар Мамин болса санитарлық эпидемиологиялық жағдайдың бақылауда екенін айтып отыр. Әсіресе, ауруханалардағы төсек-орындар мен дәрі-дәрмек тапшылығы енді болмайды деп сендірді ол Мемлекет басшысын.
«Атап айтқанда, медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеу нысандарына жасанды тыныс беру аппараттары мен оттегі концентраттарын жеткізу, аймақтарды жылжымалы диагностикалық кешендермен, цифрлық рентген-аппараттармен, мобильді топтармен және жедел медициналық көмек көрсету көліктерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 13 аймақтың 10-ында модульдік жұқпалы ауруханалардың құрылысы аяқталған, қалған 3 нысан осы жылдың қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі», - деді Асқар Мамин.
Есте болса биыл маусым-шілде айларында дәрі-дәрмек пен жасанды тыныс алу аппаратының тапшылығынан халық айтарлықтай зардап шеккен болатын. Дер кезінде ем ала алмаған жүздеген науқас бақилық та болды. Премьер-министрдің айтуынша, бұл жайтты болдырмау мақсатында үкімет тарапынан алдын алу шаралары қолға алынған. Атап айтқанда, республикалық және аймақтық тұрақтандыру қорлары құрылып, денсаулық сақтау жүйесіне арналған 91 түрлі дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры жасақталған. Дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау үшін дәріханалардың бөлшек сауда жүйесінде сұранысқа ие 33-тен астам препарат қоры қосымша жасақталуда.
ПТР-ТЕСТ АРЗАНДАДЫ
Асқар Мамин ПТР-тесттің арзан әрі мол көлемде екеніне де тоқталды. Бұған дейін ақылы тест 8-11 мың теңгенің көлемінде болған еді. Оның үстіне, тесттің нәтижесін шығаратын зертханалардың аз болуына байланысты, науқастар емделуде айтарлықтай уақыт жоғалтқан. Қазір олардың саны 124-ке жеткен, ал тестілеу қуаты тәулігіне 66 мыңға дейін жетті. Бұл ретте, тұрғындарды тест сынамаларымен қамту 2,5 есе ұлғайғанын айта кеткен жөн.
Бұдан бөлек, Асқар Мамин Президентке шекаралық өткізу бекеттерінде, сондай-ақ, көліктің барлық түрлері мен инфрақұрылымдарында санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың күшейтілгені туралы баяндады. Сонымен қатар өңірлердегі бизнес субъектілерінің жұмысы біртіндеп қайта қалпына келтірілуде. Осы ретте, аймақта вирус жұқтыру өсімінің тіркелмеуі, тұрақты эпидемиологиялық ахуалдың «жасыл» деңгейде болуы ескеріледі.
КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСАДЫ
Премьер-министр Мемлекет басшысына кәсіпкерлерді қолдау, шетелден инвестиция тарту, жұмыспен қамту ісін дамыту және елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендетудің басқа да өзекті мәселелері жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндады.
Президент коронавирус пандемиясының алдағы айлардағы таралуына қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пессимистік болжамдарын ескеріп, Үкімет белгілеген жоспардың мүлтіксіз орындалуының маңызды екенін атап өтті. Карантинді күшейту жөніндегі қатаң шараларды кәсіпкерлердің мүдделерін және жалпы еліміздің экономикалық дамуын ескере отырып қабылдаған жөн деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Еуропа елдерінде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты карантиндік шаралар қайта күшейтілді. Ең бірінші болып Франция мен Ұлыбритания шекарасын жауып, халықтың жүріп-тұруына бірқатар шектеу қойды.