Сенат фонограмма туралы заңды қабылдады
Заң жобасын Сенат депутаттары бірауыздан мақұлдады
Енді барлық жарнамалық өнімде және касса жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарландыру беріледі. Бүгін Сенат әртістердің фонограмма қолдануын реттейтін заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы қаралды. Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова заң жобасы қандай мәселелерді реттейтінін айтты.
«Концерттік қызмет мәселесіне тоқталайын. Концерттік ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблема бар. Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнаға ұқыпсыз шығу үрдісі болып отыр. Сондай-ақ, жоспарланған концерттік бағдарламаларды орындамау, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар факт бар», - дейді ол.
Осы орайда министр заң жобасы аясында әншілердің осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттемені енгізу арқылы осы мәселелерді реттеуге тырысқанын атап өтті.
«Олардың ішінде маңызды норманың бірі - музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограмманы қолдануы туралы көрерменді хабардар ету. Фонограмманы пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімде және касса жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарландыру беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді, әрі билеттің құнына да әсер етеді», - дейді Ақтоты Райымқұлова.
Заң жобасын Сенат депутаттары бірауыздан мақұлдады.
Azattyq Ruhy тілшісі бұған дейін фонограммаға шектеу қою туралы заңға байланысты әншілердің пікірін тыңдаған болатын. Эстрададағы аға буын мұны құптарлық іс десе, жас әншілер Қазақстандағы концерт залдарының акустикасы жанды дауыста ән айтуға арналмаған деген сарындағы пікір білдірді.
«Заңға енгізілетін соңғы ұсыныстар музыкалық өнер саласының жаңаша дамуына оң ықпалын тигізбек. Бұл жерде, ең алдымен, көрермен таңдау мүмкіндігіне ие болады. Мысалы, әнші немесе өнер ұжымы концертте неше әнді жанды дауыста, нешеуін фонограммамен орындайтынын алдын ала хабарлайды. Одан кейін халық ол концертке бару не бармауын өзі шешетін болады. Осыған байланысты тыңдарманға ұсынылатын музыкалық туындылардың сапасы да, әншілердің кәсібилігі де, жалпы дайындығы арта түседі деп санаймын», - дейді әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы.
«Бұл заңның қабылдануы керек екені ұзақ жылдардан бері айтылып та, жазылып та келді. Әншілерге қаншалықты тиімді екенін білмеймін, бірақ тыңдарманға сөзсіз тиімді, ұнамды заң екеніне күмән жоқ. Меніңше, осы заңға қосымша «көркемдік кеңес» туралы заң қабылданар болса, қазақ эстрадасында толыққанды оң өзгерістер болатын еді. Өйткені ел қадағалаусыз концерттерден шаршады», - дейді танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы.
Еске салайық, бұған дейін аталған заң жобасы Мәжілісте талқыланған болатын. Ол кезде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елімізде дарынсыз әншілердің көбейіп кеткенін айтып, фонограммаға үзілді-кесілді қарсылығын білдірген еді.