«Соғыстан кейінгідей»: Жигули Дайрабаев кейбір ауылдардағы жол сапасын сынға алды
Фермерлер қауымдастығының төрағасы «Ауыл жолдары» атты мемлекеттік бағдарлама қабылдауды ұсынды
«Қазақстанның фермерлері қауымдастығының» басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев Сенат отырысында шалғай ауылдардағы жолдың жай-күйі нашар екенін айтып, жол проблемасын шешу үшін шұғыл шара қабылдау керектігін жеткізді.
«Жақында ауыл жолдарының мүлдем жарамсыздығына қарамастан, автокөлікпен 10 мың шақырымнан астам жол жүріп, еліміздің сегіз аймағын аралап, 70-тен астам шаруашылыққа бардым. Бұл сапардағы мақсатым – фермерлерді аралап, жұмыс барысын көріп, мұң-мұқтажын білу. Жер-жердегі атқарушы билікті мақтау немесе даттау туралы ой болған жоқ. Мақсат - шаруалардың жай-күйіне назар аударту. Жол инфрақұрылымын дамытпаса, маңдай терін төгіп еңбек еткен фермерлер де, тұтынушылар да зиян шегеді. Атқарушы билік өкілдері жолдың жағдайын көзімен көру үшін сол жолдармен өздері жүріп өткені жөн болар еді. Жол проблемасын шешу үшін шұғыл шара қабылдау керек. Тіпті «Ауыл жолдары» деген нысаналы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, 3-5 жыл ішінде ауылдық жерлерді жолмен қамту қажет», - деді қауымдастық төрағасы.
Жигули Дайрабаевтың айтуынша, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірі мен Ақтөбе облысындағы ауыл жолдарының сапасы адам шошырлықтай.
«Жол болмаса, ондай ауылдарда адам да тұрақтамайды. Көзбен көрген ауылдардың іші тура соғыстан кейінгідей. Әсіресе, солтүстік өңірлер мен Ақтөбе облысындағы ауылдарда қатты байқалады. Мұндай мысал жетерлік. Осындай ауылдағы жастарды сосын қалай ұстап қалады?», - деп қынжылды Жигули Дайрабаев.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан