Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге 15,3 млрд теңге жұмсалады – ОСК
Бюджеттен бөлінетін қаражаттың басым бөлігі сайлау комиссиясында істейтіндердің еңбекақысына жұмсалады
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізуге жұмсалатын қаржы көлемін жариялады.
Айтуынша, халық санының өсуіне байланысты сайлауға кететін шығын көлемі де артқан. Осы жылдың қараша айында кандидаттарды ұсыну мен партиялық тізімдерді тіркеу шаралары атқарылады. Желтоқсан айында да үгіт-насихит басталады. 2021 жылдың 10 қаңтарында сайлау өтеді.
«2020 жылға Үкіметке ұсынылған шығындардың сметасы шамамен 10,8 миллиард теңгені құрайды. Қаражаттың басым бөлігі 10 061 сайлау комиссиясында жұмыс істейтін 70 681 адамның еңбекақысына жұмсалады» - деді Мұстафина.
Қалған 3,5 млрд теңге бюллетень шығаруға, полиграфиялық қызметтерге, ақпараттық жұмысқа және сайлау комиссияларының ұйымдастырушылық шараларына жұмсалады. Бұл сайлау пандемияға тап келгендіктен, комиссия мүшелерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету үшін 341,4 млн теңге бөлінеді.
«Ал келесі жылдың шығындары 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда қарастырылған. Оның көлемі - 4,5 млрд теңге. Бұл қаражаттың бәрі сайлау комиссияларының мүшелері алатын жалақыға жұмсалады. Осылайша, жалпы Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлау науқанына кететін шығындардың жобалық сметасы 15,3 миллиард теңгені құрайды», - деді ОСК мүшесі.
Еске сала кетейік, Қазақстанда Мәжіліс пен маслихаттар сайлауы бір күнде (2021 жылдың 10 қаңтарында - ред.) өтеді.