Нығматулин қазіргі депутаттық корпустың жұмысы қашанға дейін созылатынын айтты
Мәжіліс спикері алдағы сайлау туралы пікір білдірді
Бүгін депутаттар Мәжілістің жалпы отырысын бір минут үнсіздікпен бастады. 17 қазанда Мәжіліс депутаты, Экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы Глеб Щегельский өмірден өтті.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жалпы отырыстың күн тәртібін қарауға кіріспес бұрын Мемлекет басшысының Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы жарлығына қатысты пікір білдірді.
«Парламент сайлауы - еліміз үшін де, халқымыз үшін де өте маңызды саяси қадам. Себебі парламенттік сайлау еліміздегі барлық саяси партияларға бағдарламаларын таныстыруға және халықтың сеніміне ие болуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы сайлау демократияны нығайтуға, қоғамдық ынтымақтастықты күшейтуге және еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз», - деді.
Сондай-ақ Мәжіліс спикері Парламенттің келесі шақырылымы жұмысын бастағанға дейін қазіргі депутаттық корпус елімізді одан әрі дамыту және ілгерілету үшін заңнамалық базаны қалыптастыруды жалғастыра беретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, Мәжілістің кезекті сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді.