$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2020, 11:17
Үкімет

Қаржы министрлігі «Астана» халықаралық қаржы орталығына 68,8 млрд теңгені не үшін аударды?

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұл қаржы Каспий жағасындағы туристік саланы дамытуға жұмсалады

Қаржы министрлігі «Астана» халықаралық қаржы орталығына 68,8 млрд теңгені не үшін аударды?
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту үшін Қаржы министрлігі «Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігі» АҚ-ға 68,8 млрд теңге аударды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Халық қалаулысын қомақты қаржының қандай мақсатта жұмсалатыны қызықтырды.

«Жылдың аяқталуына 2 ай ғана қалды. «Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігі» аталған қаражатты қалай жұмсамақ? Бұл қаражатты қазір бөлу қаншалықты қажет? Олар бұл сомаға қанша инвестиция тартуды жоспарлап отыр?», - деді өз сауалында депутат Жамбыл Ахметбеков.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның тікелей инфевтициялар қорына биыл расымен де 68,8 млрд теңге аударылғанын айтты.

«68,8 млрд теңгеге олар 120 млрд теңге шамасында шетелдік инвестицияларды тартуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат Каспий жағасындағы туристік саланы дамытуға жұмсалады. Қаражатты қазірден бастап бөліп отырған себебіміз, ол жердегі инфрақұрылымды келесі жылдың жазына дейін жөндеп бітіру керек. Тиісті қонақүйлер бизнесін бастауы тиіс», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар Қаржы министрі мұндай игі бастама қазіргі пандемия жағдайында отандық туризмді дамыту үшін маңызды шешім екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, былтыр Астана халықаралық қаржы орталығы биржасына «Полиметалл», «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК» АҚ және «Halyk Bank» секілді ірі корпоративтік компаниялардың акциялары өтті. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Астана халықаралық қаржы орталығымен бірігіп, құнды қағаздардың ішкі нарығын ықпалдастыруға және дамытуға бағытталған жаңа әрі нақты нормативтік база әзірлеуді тапсырған болатын.

Сонымен қатар, белгілі болғандай, Астана халықаралық қаржы орталығы 2025 жылға қарай ел астанасын 50-ден астам әлемнің қаржы орталықтарымен, оның ішінде Нью- Йорк, Шанхай, Гонконг, Сингапур, Токио, Амстердам, Цюрих және басқа да қалалармен тікелей бағдармен байланыстыруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы Франкфурт, Лондон, Париж, Сеул, Бангкок, Бейжің, Стамбұл, Нью-Дели мен Дубайдың жаһандық қаржы орталықтарымен әріптестік байланыс орнатқан.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары