Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті 45 ауруы бойынша жағдай тұрақты – ҚР АШМ
ҚР Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстандағы ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік туралы айтты
Сапархан Омаров 2020 жылы Қазақстанда тұрақты карантиндік фитосанитариялық ахуал сақталып отырғанын атап өтті. Егістік алқаптарына шегірткенің зиян келтірілуіне жол берілмеді, республика бойынша тікенекті алқа карантиндік арамшөптің таралу ошағы жойылды, америкалық ақ көбелектің, калифорниялық қалқаншалы сымырдың, жатаған у кекіренің таралу алаңы төмендеді. Осының арқасында отандық өсімдік шаруашылығы өнімінің экспорты шектелмеді.
«Ауыл шарушылығы министрінің айтуынша, елімізде эпизоотиялық жағдай да тұрақты. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының 45 түрі бойынша Қазақстан қолайлы мәртебеге ие. Осының арқасында 3 мыңға жуық қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері әлемнің 72 еліне мал шаруашылығы өнімінің 551 түрін кедергісіз экспорттай алады. Республика аумағында таралу қаупі жоғары жануарлардың аса қауіпті ауруларының басқа 23 түріне бойынша диагностика және вакцинация бағытында арнайы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі», - делінген АШМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ауыл шаруашылығы министрі республикадағы ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті жақсарту үшін бірқатар жүйелі мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, құстар мен жануарлардың қауіпті ауруларының таралуна жол бермеу үшін «кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге» мораторий қолданысынан «профилактикалық ветеринариялық және фитосанитариялық» тексеру түрлерін шығару қажет.
Бұдан басқа, инфекцияның таралу ошақтарын жедел оқшаулау үшін әкімдіктердің карантинді енгізу туралы шешімдерін келісу және бекіту мерзімдерін 1 күнге дейін қысқарту қажет. Бүгінгі таңда бұл процедураға 15 күн кетеді екен.