$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.10.2020, 10:00
Үкімет

АШМ неге бюджеттен қосымша 3 млрд теңге сұрады?

Қазақстанда жануарлар арасында аса қауіпті аурулар тарап жатыр

АШМ неге бюджеттен қосымша 3 млрд теңге сұрады?
Фото: Батыржан Беспаев

Қазақстанда бруцеллез бойынша ошақтардың азайғанына қарамастан, құтыру, пастереллез және құс тұмауы бойынша жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың өсуі байқалады. Ауыл шаруашылығы министрлігі жедел әрекет ете алмайтынын мойындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Халықаралық эпизоотиялық бюроның аса қауіпті аурулар тізіміне 88 аурудың түрі тіркелген. Ал Қазақстанда бұл тізімдегі аса қауіпті аурулардың 68 түрі анықталған. Оның ішінде жануарларға қатысты 45 ауру бойынша қолайлы эпизоотиялық жағдай байқалады. Ал 23 түрі бойынша арнайы ветеринариялық-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді министр.

Сондай-ақ министр жедел карантин енгізу және инфекция ошағынан жануарлар мен өнімдерді әкелуге және әкетуге тыйым салу өткір мәселе екенін атап өтті. 

«Бүгінде жергілікті атқарушы орган әкімдерінің қаулысын келісу, бекіту және күшіне енгізу рәсімі 5-тен 15 күнге дейін созылады, ең жылдам жағдайда 3 жұмыс күні ішінде орындалады. Бұл ереже инфекция ошағын оқшаулау және оның жақын маңдағы аумақтарға таралуының алдын алу бойынша жедел шараларды уақытылы қабылдауға, атап айтқанда, карантин енгізуге және инфекция ошағынан өнімдерді жеткізуді тоқтатуға мүмкіндік бермейді», – деді Сапархан Омаров.

Министр карантин мен шектеу шараларын қолдану туралы шешімді бекіту және тіркеу мерзімін 1 күнге дейін қысқарту қажет деп отыр.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі құс тұмауынан зардап шеккен фермерлерге өтемақы төлеу үшін қосымша қаражат пен ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалаудың ұлттық жүйесін құруға тағы 3 миллиард теңге бөлуді сұрады.

Ал, өнімді әкелуге жедел ден қойып, тиімді бақылау және қадағалау үшін АШМ Ресей Федерациясындағыдай шекара бекетіне жақын жерде ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттерін орналастыруды ұсынды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары