Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады
19 қазан – Құтқарушылар күні
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде еліміздегі құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, жазба қалдырды.
«Сіздер қиындыққа ұшырағандарға көмек беріп, ерен ерліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Құтқарушылардың түрлі апат салдарын жоюға сіңірген еңбегі зор. Қайта құрылған министрлік қызметкерлеріне табыс тілеймін!», - деп жазды Тоқаев.
Еске сала кетейік, 9 қыркүйекте Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі берілсін», - делінген Президент жарлығында.
11 қыркүйекте Мемлекет басшысының жарлығымен Төтенше жағдайлар министрі болып Юрий Ильин тағайындалды.