Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігі құрылды
Жаңа ведомствоға қандай функциялар мен өкілеттіктер берілетіні анықталды

Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігі құрылды.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі берілсін», - делінген Президент жарлығында.
Бұдан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, сондай-ақ ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту бойынша функциялары мен өкілеттіктері беріледі.
Үкіметке Президент әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен жаңадан құрылған төтенше жағдайлар министрлігі, сондай-ақ оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың арасында штат санын қайта бөлу тапсырылды.
Жарлықтың орындалуын бақылау Президент әкімшілігіне жүктелді.