Жыл басынан бері ветеринариялық заңнаманы бұзғандарға 86,2 млн теңге айыппұл салынды
Мал шаруашылығы өнімі бар 17 мың автокөлік тексерілді
Мал шаруашылығы өнімдерін заңсыз тасымалдағаны үшін ҚР азаматтары 86,2 млн теңге айыппұл төлейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері 171 мың тонна мал шаруашылығы өнімі тексерілген.
«Өткен жылы Қазақстан-Ресей учаскесінде 28 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пункті және Қазақстан-Қырғызстан учаскесінде 4 бақылау пункті ұйымдастырылды. Бұл шара ветеринариялық-санитариялық, фитосанитариялық, карантиндік тұрғыдан қауіпсіз емес мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерін әкелуге жол бермеуге мүмкіндік береді. 2020 жылдың басынан бері жалпы көлемі 171 мың тонна мал шаруашылығы өнімі бар 17 мың автокөлік тексерілді», - деді министр.
Министрдің мәліметінше, ветеринария саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 2,4 мың жеке және заңды тұлғаға жалпы сомасы 86,2 млн теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылған.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан