Оқу жылы басталғалы санитарлық норманы бұзған 134 мектеп анықталды
Олардың көбі ауылдық мектептер
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында еліміздегі жалпы білім беру мектептерінде санитарлық нормалардың сақталуы талқыланды. Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Баяндама жасаған Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов оқу жылы басталғалы мектептерде жүргізілген мониторинг қорытындысын баяндады. Бас санитар дәрігердің айтуынша, 697 мектептің 134-інде санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталғанын атап өтті. Талаптарды бұзудың негізгі бөлігі ауылдық мектептерде анықталған.
Тексеру кезінде, көптеген мектептерде пайдаланылған жеке қорғаныс құралдарын жинауға және жоюға арналған арнайы қоқыс жәшіктерінің және мектеп ішінде жүру кезінде қашықтықты сақтауды қамтамасыз ететін белгілерідің болмағаны анықталды. Сондай-ақ қызметкерлердің бетперде режимін сақтамау фактілері анықталды.
Мәселен, Орал қаласындағы №46 мектепте, Нұр-Сұлтан қаласындағы №55 орта мектепте және Солтүстік Қазақстан облысындағы №2 Бескөл орта мектебінде, Павлодар облысының Жаңатілек ауылындағы Хайдаров атындағы мектепте, Баянауыл ауданындағы Уынбұлақ орта мектебінде мұғалімдер мен оқушыларға термометрия жүргізілмеген.
Сондай-ақ, 33 мектепте санитайзерлердің жетіспеушілігі мен жеткіліксіз мөлшерде екені анықталды.
Ақмола облысының екі мектебі (Макинск қ. № 5 ОМ және Щучинск қ. № 1 ОМ), Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы «Жайсаң бала» және «Zere» жекеменшік мектептері медицина қызметкерімен жасақталмаған.
Алматы қаласында, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында 29 мектепте бактерицидті шамдар (кварцты) жоқ.
15 мектептің кіреберісінде арақашықтықты сақтауды қамтамасыз ету белгілері жоқ (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау, СҚО және Қарағанды облыстары).
Қостанай облысында бактерицидті шамдар мен дезинфекциялық кілемшелердің болмауы бойынша: Қарабалық ауданының тоғыз мектебінде, Майлин ауданының төрт мектебінде және Алтынсарин ауданының 11 мектебінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер әкімдерге олқылықтарды жою бойынша шара қабылдауды тапсырды.
Биылғы оқу жылының екінші тоқсанында мектептердің қызметін қайта бастау туралы шешім қабылдау кезінде мектептердің дайындық жағдайын бағалау ескерілетін болады.
Осы жылдың 5 қазанынан бастап жаппай жалпы білім беру мектептерін ерекше тәртіп бойынша тексеру жұмыстарының басталатынын атап өту қажет.