$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.10.2020, 16:31
Үкімет

«Сандарды сапыру»: Мәжіліс төрағасы Тоғжанов пен Цойды сұрақтың астына алды

Нұрлан Нығматулин коронавирус жұқтырған дәрігерлердің 14% ғана өтемақы алғанын айтты

«Сандарды сапыру»: Мәжіліс төрағасы Тоғжанов пен Цойды сұрақтың астына алды
Фото: parlam.kz

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Nur Otan» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне және індеттен көз жұмған дәрігерлерге өтемақы төлеу мәселесіне ерекше тоқталды.

Отырысқа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысып, коронавирус инфекциясынан зардап шеккен және қайтыс болған дәрігерлерге өтемақы төлеу бойынша есеп берді.

Аталған мәселенің маңыздылығын атап өткен Мәжіліс спикері, «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин осы жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша аталған індетке шалдыққан дәрігерлердің жалпы санының 14%-дан астамына ғана, сонымен бірге, қайтыс болған медицина қызметкерлері отбасыларының 13%-ға жетер-жетпесіне ғана төлем жүргізілгенін айтты.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, індетке шалдыққан медицина қызметкерлері мен қайтыс болғандардың отбасыларының төлемақысына қатысты, анықтап айтқанда, төленбеу жағдайы – құзырлы министрліктердің әлеуметтік бөлімдері арасында өзара іс-қимылдың жоқтығы мен ойластырылмаған қадамдарының нәтижесі.

Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ақпаратты Нұрлан Нығматулин «сандарды сапыру» деп бағалады.

Мәселен, аталған министрлік ұсынған ақпаратына сәйкес, Еңбек министрлігіне 4 064 өтініш берілген. Сонымен қатар, кәсіби қызметін атқару кезінде 8 333 дәрігер, барлығы 12 830 медицина қызметкері коронавирустық инфекциясына шалдыққан.

Осы ретте, Мәжіліс төрағасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жоғарыда аталған 4 064 өтініштің өзі фракция отырысы болатыны белгілі болғаннан кейін ғана жасалынғанын айтты.

«Егер өткен 6 ай ішінде 2 475 өтінім берілсе, соңғы санаулы күндер ішінде 1 589 өтінім берілген. Яғни, берілгендер өтімдер саны 1,6 есеге артып, ал өтемақы төленген адамдар саны 2 есеге дейін өскен. Алты ай бойы деттке шалдыққан барлығы 1 830 дәрігер өтемақыға ие болса, ал соңғы біраз күнде 1 665 дәрігерге төлемақы беріп үлгерген. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына өтемақы төлеу бойынша да жағдай осындай», - деді Нұрлан Нығматулин.

Жағдайдың тағы бір себебі, коронавирустық инфекциядан зардап шеккен және қайтыс болған медицина қызметкерлерінің көпшілігі аймақтық комиссиялардан растау ала алмаған.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, жәрдемақылар мен өтемақыларды беру рәсімінің шамадан тыс бюрократтандырылуы да мәселенің оң шешімін табуына кедергі келтіріп отыр.

Атап айтсақ, оны алу үшін ауырғандар мен қайтыс болғандардың жақындарының өтініміне 5 жыл бұрын бекітілген инфекциялық аурулар ошағын эпидемиологиялық зерттеу картасы қоса берілуі тиіс. Ондағы талаптар коронавирус инфекциясының нақты белгілерін көрсетпейді, ал оны егжей-тегжейлі анықтау және сипаттау төлем мерзімін одан әрі кешіктіреді. Бұл Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің біржолғы төлем тәртібін анықтау бойынша 9 сәуірдегі бірлескен бұйрығына негіз болып отыр.

«Сіз қазіргі жағдай талаптарына мүлдем жауап бере алмайтын 2015 жылғы бұйрықты ойланбастан көшіру арқылы жағдайды қиындатып отырғаныңызды түсінесіз бе? Осының салдарынан жергілікті жерлердегі өңірлік комиссиялар тиімді жұмыс істей алмайды. Өйткені, оларға көптеген құжатты қарау қажет. Адамдар ауырып, оның үстіне, әлі де қалпына келе алмай жатып, 43 қосымша жинауы керек. Осы рәсімді жеңілдетуге болатын еді ғой. Мұны ертерек жасауға не кедергі болды? Демек, немқұрайлы қарағансыздар», - деді Нұрлан Нығматулин.

Төлем жағдайына қатысты жіберілген қателіктердің тағы бір себебі, төтенше жағдай кезеңі аяқталғаннан кейін қажетті бұйрықтың болмауы. Бұйрықтың тиісті жаңартылуы тек 22 шілдеде болған.

«Тек осы жерде, Мәжіліс қабырғасында, соңғы 2 күндегі тынымсыз жұмыстың нәтижесінде ғана сіздер дұрыс тетіктерді ойластыра бастадыңыздар», - деді Мәжіліс спикері.

Талқылау барысында, Нұрлан Нығматулин аймақтық комиссия жұмысының ұйымдастырылуына назар аудара келіп, оған Ведомствоаралық комиссия тарапынан қажетті бақылаудың болмағанын баса айтты.

«Ведомствоаралық комиссия, Үкімет тарапынан бақылаудың болмауы аймақтық комиссиялар жұмысы бойынша жалпы өтемақы төлеуге қатысты осындай өкінішті жағдайға алып келді», - деді Мәжіліс төрағасы вице-премьер Ералы Тоғжановқа.

Сондай-ақ, комиссияларды құру кезінде де немқұрайлылық байқалғаны айтылды. Мысалы, еліміздің 17 аймағы бойынша барлығы 5-ақ тиісті комиссия құрылған. Талап бойынша, негізі сәуір, мамыр айларында тағы – 4, маусым айында 5 комиссия құрылуы керек болатын.

Ал коронавирустық инфекция мен вирустық пневмония өршіп тұрған Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тамыз айында ғана қолға алынған.

«Осындай маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатысы бар – вице-премьерден бастап,  министрліктің әр қызметкері – әрбір санның артында қиын жағдайда жұмыс істеген, ал кейбірі жақындарынан айрылған адамдар тұрғанын түсінуге тиіс. Енді олар өздеріне тиісті ақшаны алуы үшін табалдырық тоздырып, көптеген қағаздарды толтырады. Бұл тіпті,  қарапайым адами көзқараспен қарағанның өзінде, дұрыс қадам емес, - деді спикер.

Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар, өзекті мәселелерді талқылауға дәрігерлер, ҮЕҰ мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды.

Серіктес жаңалықтары