Диқандар 14,8 млн гектардан астам жерді орып бітті
Бүгінге дейін 18,2 млн тонна астық бастырылған
Қыркүйектің ортасынан асқан уақытта Қазақстан диқандары 14,8 млн гектардан астам жерден дәнді дақыл жинап алған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті.
14,8 млн гектардан астам жерде дәнді және бұршақты дақылдар жиналған.
«Биыл елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды. Егін жинау науқанының қарқыны өткен жылға қарағанда жоғары. Мәселен, бүгінде республика бойынша барлығы 14,8 млн гектардан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жиналатын алаңының 93,4 пайызында егін жиналды. Ал өткен жылы осындай уақытта 10,3 млн гектар немесе 67,6 пайызы жиналған еді. Гектарына 12,3 центнер орташа түсіммен 18,2 млн тонна астық бастырылды. Былтырғы бұл көрсеткіш 11,4 млн тонна болатын», - деді министр Үкімет отырысында.
Министр астықтың болжамды көлемі елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады деп сендірді.