Дәурен Абаев мемлекеттік қызметкерлерге смартфон ұстауға рұқсат беруге қатысты пікір білдірді
«Azattyq Rýhy» журналисінің сұрағына жауап берген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметкерлерге кеңседе смартфон ұстауға қайтадан рұқсат беруді қолдайтынын айтты
«Бір сөзбен айтқанда, мен қолдаймын. Бірақ, осы жылдар ішінде смартфонсыз қатты қиналдым дей алмаспын. Мәселе мұнда емес, мәселе смартфонның ыңғайлы екенінде. Мысалы, өздеріңіз білетіндей, бізге коммуналдық қызметтер, мемлекеттік қызметтер ақысын телефон арқылы төлеуге тура келеді. Осы жағынан келгенде, әрине, смартфонның болғаны әлдеқайда жақсы», - деді ол.
Ал кеше Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов қараша айынан бастап мемлекеттік қызметкерлерге жұмыста қайтадан смартфон ұстауға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтты.
«Уәкілетті мемлекеттік органдардың барлығы қаулымен келісті, мемлекеттік қызметкерлердің барлығына смартфон ұстауға шектеу қоймайтын қаулы енді Үкімет отырыстарының бірінде қаралады. Мемлекеттік қызметкерлер қарашадан бастап, жұмыста смартфон пайдалана алады деп үміттенеміз. Бұл – мемлекет басшысының берген тапсырмасы», - деген вице-министр.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың көктемінен бері Қазақстанда мемлекеттік қызметке жататын органдардың барлығында жұмысқа смартфон алып кіруге тыйым салынған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сол кезде «қызметтегі құпия ақпарат әлеуметтік желіге шығып кетуіне» байланысты заңнамаға өзгеріс енгізіп, мемлекеттік қызметкерлер түгелдей суретке түсіру, интернетке қосылу функциялары жоқ телефондарға ауысқан еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан