Төменгі мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысы 15% көбейеді – Ұлттық экономика министрі
Былтыр олардың жалақысы 25% өскен еді
Мемлекеттік қызметшілердің штат санының қысқаруы төменгі мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысының 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов брифинг барысында мәлім етті.
«Жеңілдетілген автоматтандыру процесін енгізу арқылы штат санының оптимизациясы жүргізіледі. Сондай-ақ, басшылықта да қысқартулар болады. Есесіне, төменгі мемлекеттік қызметшілер жалақысы өседі. 2019 жылы олардың жалақысы 25 пайызға артқан болатын. Енді тағы 15 пайызға көбейтуге мүмкіндік бар», - деді министр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында мемлекеттік аппарат және квази-мемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырған болатын.
«Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осылайша, біз 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқарту мәселесін шешетін боламыз. Үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтетін боламыз. Мұндай жоба мемлекеттік қызметшілердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түседі», - деп атап өтті Президент.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан