Қазақстанда шектеу және карантин енгізу тәртібін бекіту туралы құжат ашық талқылауға ұсынылды
Бұйрық 28 тамыздан бастап 14 қыркүйекке дейін талқылау сатысында болады

«Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларын және Пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін бекіту туралы» бұйрықтың жобасы дайындалды.
Құжат Ашық НҚА веб-сайтында орналастырылған. Сонымен, жаңа ережедегі тізімде көрсетілген жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралу қаупі туындаған жағдайда, Кодекстің 104-бабына сәйкес шектеу шаралары, оның ішінде карантин енгізіледі және оған мынандай шаралар кіреді:
- жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған;
- кәсіпкерлік немесе өзге де қызмет үшін ерекше режимді қарастыру.
Құжатқа сәйкес, келесі инфекциялар пайда болған және таралу қаупі болған жағдайда шектеу шаралары мен карантин енгізілуі мүмкін:
1. Оба
2. Тырысқақ
3. Сары қызба
4. Вирустық геморрагиялық қызбалар
5. Ауыр жіті респираторлық синдром (АЖРС)
6. Вирустың жаңа кіші типі тудырған адам тұмауы
7. Вирустың жаңа кіші типі тудырған коронавирустық инфекция.
«Инфекциялық және паразиттік аурулардың Қазақстан Республикасының аумағына әкеліну және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралу қаупі төнген жағдайда, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде немесе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді», - делінген құжатта.
Тізбеде көзделмеген инфекциялық аурулардың пайда болу және таралу қаупі төнген жағдайда жекелеген аумақтарда (объектілерде) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың ведомстволық объектілерінде Кодекстің 104-бабына сәйкес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен енгізіледі.