$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.11.2019, 15:10
Үкімет

Сенатор плагиат дауына іліккен вице-министрдің отставкаға кетуін талап етті

Бүгін Сенат депутаты Еділ Мамытбеков жоғарғы палатаның жалпы отырысында Қазақстанның білім беру саласындағы плагиат мәселесін көтерді

Сенатор плагиат дауына іліккен вице-министрдің отставкаға кетуін талап етті
Фотоколлаж

Айта кетейік, қазан айында Білім министрлігінде жұмыс істеген Анар Қайырбекова ведомстводағы вице-министр Фатима Жақыпованың ғылыми диссертациясы плагиат деп мәлімдеме жасаған еді. Алайда, Жақыпова өзінің жазба жұмысын тексерген ұлттық техникалық сараптама орталығы көшірме таппағанын айтып, ақталған. Кейін вице-министрге ғылыми дәреже заңсыз берілді деген Анар Қайырбекова Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректорлығына тағайындалды. 

Алайда, бүгін сенатор плагиат дауын қайта көретіп, Үкімет басшысы Асқар Маминнен вице-министрді отставкаға кетуін талап етті.

«Біреудің ғылыми жұмысындағы фактілердің ұрланғанын әлемдегі екі антиплагиат жүйесі дәлелдеп тұрғанда, қазақ қоғамын шатастыру үшін министрлікке қарасты мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығының уәжін айту – мемлекеттік қызметкердің этикалық кодексін бұзу. Көшірме жұмысымен аты шыққан вице-министр әлі де жұмысында жүр. Неге әлі күнге дейін кадрлық шешім қабылданып, ол жұмысынан босатылған жоқ», - деді Еділ Мамытбеков.

Сенатордың айтуынша, қазір педагогикалық ЖОО-ларды біріктіруге жауапты вице-министр - плагиат дауына іліккен Фатима Жақыпова екен.

«Бюджеттен қыруар қаржы бөлінетін осындай ғылыми жұмыстар ешбір салаға енгізілмей, еш жерде қолданылмайды. Бұл – Қазақстан ғылымындағы созылмалы ауру іспетті. Бұл мәселе отандық БАҚ-та бір айдан бері талқыланып келеді. Енді вице-министрдің ғылыми жұмысының плагиат екенін шетелдік басылымдар да жазып жатыр. Премьер-министрдің атына жолдайтын сауалым арқылы осы мәселеге байланысты нақты шешім қабылдауды талап етемін», - дейді ол.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева плагиат дауына қатысты Білім және ғылым министрін шақырып, жауап беруі керегін айтты.

«Бұл мәселені қарастыруды жеделдетуге болар еді. Ол (министр – ред.) өз тобымен осы сұрақтарға тікелей жауап берсін. Жолдайтын сауалды ойластырыңыздар, бірақ жауапты бір ай тосқан қалай болады екен. Бір ай ішінде олар көп нәрсені өзгертіп жіберуі мүмкін. Талқылау керек. Мен әзірге бұл мәселеге байланысты нақты ештеңе білмеймін. Министрліктің аргументі қалай болады, оны қарау керек», - деді Сенат төрағасы.

Еділ Мамытбековтің депутаттық сауалын қолдап Дәурен Әділбеков, Михаил Бортник, Мұратбай Жолдасбаев, Манап Кубенов, Әлімжан Құртаев, Ерік Сұлтанов, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нүкетаева секілді әріптестері қол қойды.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары