Қазақстанда 2 млн теңге өтемақыны 900-ге жуық дәрігер алды
Індеттен көз жұмған 3 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден берілді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі 900-ге жуық медицина қызметкерінің COVID-19 инфекциясын жұқтыруына және пневмониямен ауруына байланысты Медсақтандыру қорынан төлем алғанын хабарлады.
«COVID-19-бен күресуге тартылған 899 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмониямен ауырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ, Медсақтандыру қорынан ауру салдарынан қайтыс болған 3 медицина қызметкерінің туыстарына төлемдер аударды», - деп хабарлайды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың Денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, кейін төлем тағайындау үшін Медсақтандыру қорына жіберіледі.
Өңірлер арасында медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру бойынша ең көп төлем алған Нұр-Сұлтан қаласы (120), Алматы облысы (85), Алматы қаласы (84), Ақмола (80) және Батыс Қазақстан облыстарының (67) медицина қызметкерлері.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына 22 шілдеде енгізілген өзгерістерге сәйкес:
- коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмониямен ауырған медицина қызметкерлеріне 2 млн теңге;
- COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына 10 млн теңге көлемінде төленеді.