Ресейлік әскери дәрігерлер КВИ-ді емдеу бойынша тәжірибе алмасу үшін Қазақстанға келді
Қазақстанға тәжірибелі ресейлік анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер, терапевтер тобы келді
Қазақстан мен Ресейдің әскери дәрігерлерінің бірлескен жұмысы Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің әскери госпитальдарында жүргізілуде. Ресейлік мамандар коронавирусты емдеу бойынша қазақстандық хаттаманы зерттеп, COVID-19 инфекциясы бар науқастарды емдеу процесіне қатысады, сондай-ақ жұқпалы ауруларды диагностикалау және емдеу саласындағы тәжірибелерімен бөліседі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне кеңес беріліп, жергілікті жерлердегі әскери қызметшілерден коронавирус инфекциясын ерте анықтаудың практикалық дағдылары мен әдістерін пысықтау жалғасуда. Коронавирусинфекциясымен сырқаттанушылық бойынша жағдайды эпидемиологиялық бақылау және індетті еңсерген пациенттерді оңалту жөніндегі жұмысты жалғастыру жоспарлануда», - деп атап өтті ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының ғылыми-терапиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Назгүл Қалкаева.
Үш ай ішінде Қазақстанның әскери дәрігерлері коронавирус инфекциясы клиникасы мен оның асқыну жолдарын зерттеді. Қазақстандық клиникалық емдеу хаттамасы мен COVID-19 диагностикасы әртүрлі климаттық жағдайлардағы емдеу ерекшеліктерін қоспағанда, ресейліктермен бірдей. РФ дәрігерлері қазақстандық әскери госпитальдардың сапалы жабдықталуын және мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін атап өтуде.
«Бағдарлама аясында тәжірибе алмасу және клиникалық жағдайларды зерттеу бойынша семинарлар, конференциялар өткізу қарастырылған. Сондай-ақ осы жағдайда бір-біріне ұқсас қолданыстағы емдеу хаттамалары зерттеледі және салыстыру жүргізіледі. Әріптестерімізбен бір апта ішінде жұмыс істей келе, Қазақстандағы әскери-медициналық қызметтің өте жақсы дайындығына көз жеткіздік. Олар жаңа коронавирус инфекциясын емдеу мәселелерінде озық халықаралық тәжірибені қолданады», - деді академик Н. Н. Бурденко атындағы Бас әскери клиникалық аурухананың № 3 филиалының медициналық қызмет подполковнигі Вадим Пивоваров.
Әр пациентті емдеуде жасына және патологиясына байланысты әрқайсының жеке ерекшеліктері болады. Мәселен, эндокриндік патологиясы және жүрек-қан-тамыр жүйесі проблемалары бар 50 жастан асқан адам ауруды қиын өткереді.
Бүгінгі таңда Алматыдағы Әскери клиникалық госпитальда 800-ден астам адам сәтті емделді. Олардың 300-і орташа, ауыр, өте ауыр халде болды және реанимация бөлімінде көмек алды. Қазір коронавирус инфекциясы бар пациенттердің саны азайып келеді, науқастарды қалпына келтірудің оң қарқыны бар.
Естеріңізге сала кетейік, екі елдің қорғаныс ведомстволары басшыларының әскери-медициналық ынтымақтастық туралы келісіміне сәйкес, Қазақстанға COVID-19 инфекциясы бар пациенттерді емдеуде тәжірибесі бар ресейлік анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер, терапевтер тобы келді.