Бектенов «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» желісін биыл қарашада іске қосуды тапсырды
Ол бірқатар шенеунікке нақты тапсырма берді
Бүгін үкіметте Қазақстанның теміржол саласын дамытуға қатысты бірнеше министр, әкім мен «Қазақстан Темір жол» басшысының баяндамасын тыңдағаннан кейін премьер-министр Олжас Бектенов оларға нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Жаңа теміржол желілерін салу, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, қолданыстағы жолдарды жаңғырту және вокзалдарды реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша биыл бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау жоспарлануда. Олардың ішінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» желілері де бар. Аталған учаскелердегі қозғалысты осы жылдың
қараша айында іске қосу қажет. Жаңа жолдардың ашылуы транзиттік тасымал көлемін биыл 55 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді премьер-министр.
Бектенов бұл – Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының алдында тұрған ең басты міндет екенін қадап айтты.