«Бірінші шілде күні 30 вокзал ашылсын»: Бектенов әкімдерге апта сайын әр вокзалды жеке тексеруді тапсырды
Ол қалған вокзалдардың бәрі 1-қазанға дейін жаңарып бітуі тиіс
Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов әкімдер мен көлік министріне, сондай-ақ, «Қазақстан Темір жолы» басшысына елдегі воказлдарды жаңартуға қатысты нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Маңызды мәселенің бірі – теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарын уақтылы аяқтау. Мұны әлеуметтік жоба деп айтуға болады, өйткені ол жолаушылар инфрақұрылымын жақсартуға, халыққа жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданды», - деген ол ендігі кезек әкімдерде дегенді алға тартты.
Яғни, Бектенов әр әкім салынып жатқан нысандарға әр апта сайын барып, тексеріп отыруы тиіс деді.
«Әкімдер нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылап, бекітілген кесте мен жұмыс сапасын қамтамасыз етуі керек. Туындаған мәселелер бірден шешімін табуға тиіс. Мердігер ұйымдармен бірге нысандардағы жұмыс күші мен техникалық құралдарды көбейтуді қолға алыңыздар. Қайта жаңарған 30 вокзал 1-ші шілдеге қарай алғашқы жолаушыларды қабылдауға тиіс. Астана, Алматы және Түркістанның тарихи вокзалдарындағы реставрациялау жұмыстарынан басқа, қалған вокзалдар бойынша жұмыстар 1-ші қазанға қарай аяқталуы қажет», - деді нақты тапсырма берген ол.