«Президентпен сөйлестім». Министр Көбейтұзға залал келтіргендерге қандай шара қолданылатынын айтты
Мағзұм Мырзағалиев алдағы демалыс күндері ұлттық парктер мен демалыс аймақтарына рейд жасалатынын ескертті
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны ластап, табиғатқа аяусыздық танытқандарға салынатын айыппұл мөлшері көбейетінін айтты. Ондай заң бұзған азаматтарға жергілікті атқарушы органның көмегімен дәл сол жерде айыппұл салу жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, соңғы уақытта Қазақстан аумағында тіркелген табиғатты ластау және жан-жануарларға қорлық көрсету фактілері оларға қатысты екі түрлі шара қолдануға түрткі болып отыр. Оның біріншісі ағартушылық болса, екіншісі – жазалау.
«Өкінішке қарай, соңғы аптада табиғатқа аяусыздық танытқан жайттардың куәсі болдық. Ақтаудағы итбалықтарды ұрып-соғу фактісі, Бурабайдағы үйіліп жатқан қоқыстар, Алматыдағы осы жылы ғана жөндеуден өткен ботаникалық саябақты қирату фактілері, Алматы маңында орналасқан «Первоймайдағы» Қызыл кітапқа енген лотостарды жұлып, Инстаграмға жария ету, сондай-ақ бірегей Көбейтұз көлінен тұз шығару және сату фактілері... Бұл тек бізге белгілі болған жайттар. Осымен қалай күресеміз? Оның екі тәсілі бар. Біріншісі – экологиялық білім беру. Біз халықтың экологиялық ой-санасын өзгертіп, өзіміз үлгі болып, балаларды табиғатқа ұқыпты қарауды үйретуіміз керек», - дейді Мырзағалиев.
Экология министрі үйретуді қарапайым дүниелерден бастау керек екенін айтты. Мәселен, қоқысты лақтырмай, өртемей, алып кету, балаларды өсімдіктер мен жануарларды күтуге үйретіп, әрбір адам табиғатты қорғау қызметіне белсенді қатысу керек дейді.
«Екінші тәсіл – айыппұл салу. Соңғы күндері туристердің көбейгенін байқадық. Бірақ, туристер барған жерлерде көп қоқыс қалды. Бізге «қоқыс контейнерлерін қойыңыздар» деп жиі айтады. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, біз неғұрлым көп контейнер қойсақ, азаматтар соғұрлым көп қоқыс шашады. Осыған орай, біз айыппұл салуға мәжбүрміз. Ішкі істер министрлігімен осы сұрақты пысықтадық. Алдағы демалыс күндерінен бастап мониторинг жасап, қоршаған ортаны ластаған азаматтар болса, оларға жергілікті жерлерде шара қабылдау үшін ұлттық парктер мен демалыс аймақтары бойынша рейд жүреді. Қоқыс тастағандарға айыппұл саламыз. Бүгін мен Мемлекет басшысымен сөйлестім. Президент табиғатқа зиян тигізген заң бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту және айыппұл мөлшерін ұлғайту жағын қарастыруды тапсырды», - деді Мырзағалиев.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті «Көбейтұз» көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Көбейтұзға көлікпен кірген жүргізушіге 14 мың теңге айыппұл салынды
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан