«Таза Қазақстан»: Бектенов Нәлібаевқа Ұлттық парктерді дамыту үшін ірі бизнеспен келіссөз өткізуді тапсырды

Бүгін үкіметте отырыс өтті

«Таза Қазақстан»: Бектенов Нәлібаевқа Ұлттық парктерді дамыту үшін ірі бизнеспен келіссөз өткізуді тапсырды
Фото: үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталықтың кезекті отырысын өткізді. Онда өңірлерде тиісті Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысы, волонтерлік қозғалысты қолдау жөніндегі шаралар, сондай-ақ экологиялық туризмді дамыту жайы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Баршаңызға мәлім, «Таза Қазақстан» ұғымы жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының біріне айналды. Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа деген қамқорлық құндылықтары басым міндеттер ретінде айқындалып отыр. Бұған дейін бекітілген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында экологиялық саясатты жүзеге асырудың негізгі буыны ретінде жергілікті атқарушы органдарға маңызды рөл жүктелген», - деді Бектенов сөз басында. 

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының ақпараты бойынша мегаполисте экологиялық акцияларға 146 мың адам қатысқан. 126 жерде 7 жалпықалалық сенбілік өтіп, 18 мың текше метр жер тазарған. Биыл сәуір айынан бастап қалада санитарлық күтімнің «Бір аудан – қасбеттен қасбетке дейін бір мердігер» атты жаңа моделі енген. Бұл тәсіл аумақты жинау, қадағалау сапасын және тұрғындардың өтініштеріне жауап берудің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. Көгалдандыру аясында 1,4 млн-нан астам жасыл желек егілді.

Алматы облысында экологиялық іс-шараларға 271 мыңнан астам адам қатысып, 98,1 мың ағаш егілген, 6,4 мың тонна қалдық жиналды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Барыс» және «Көшпенділер» экопарктерінің жобаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Қарасай ауданында қуаты 450 мың тонна болатын Kaz Waste Conversion қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының құрылысы жалғасып жатыр.

Ақтөбе облысында 200 мың ағаш егіліп, 395 бейнебақылау камерасы, 1482 көппәтерлі үйде суды есепке алу құрылғылары орнатылды. Сонымен қатар, 26 шақырым веложол салынды, ТҚҚ қабылдайтын 300 фандомат және электромобильдерді зарядтауға арналған 8 станса орнатылды. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 2025 жылы демеушілер есебінен 13 саябақ пен гүлзар салынғанын, биыл тағы 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын баяндады.

Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін айқындау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі 5 негізгі көрсеткіш аясында «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бойынша өңірлердің пилоттық рейтингін жасады.

Премьер-министр Олжас Бектенов барлық өңір әкімдіктеріне Президент бастамасын жүзеге асыру тиімділігін арттырып, әрбір бағыт бойынша көрсеткіштерді жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. 

Жиында сондай-ақ волонтерлер қозғалысын қолдау мәселелері қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, қазір Қазақстанда осы бағытта 810 ұйым мен 3,5 мың бастамашыл топ жұмыс істейді, белсенді еріктілер саны 300 мың адамға жетті. 

Балаеваның айтуынша, әрбір үшінші қазақстандық осындай бастамаларға қатысады. Экологиялық волонтерлік «Таза Қазақстан» шеңберінде жыл сайын шамамен 800 мың волонтердің басын қосады. Қозғалысты одан әрі дамыту үшін 56 жоба мен 60 шағын грант жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Тиісті тұжырымдаманы қалыптастыру, волонтердің цифрлық паспортын енгізу, сондай-ақ волонтерлерді ынталандыру және әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын қоса алғанда, жаңа тәсілдер пысықталуда.

Тарихи-мәдени мұраны сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының бастамасы аясында екінші жыл қатарынан тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру бойынша «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы өтіп жатыр. Еліміздің барлық өңірлерінде әр аймақта 1 мыңнан астам адамның қатысуымен еріктілер клубтары құрылды. Еріктілер қоғамдық кеңістікті қалпына келтіруге қатысады, қоғамда қоршаған ортаға және қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.

Бектенов Мәдениет және ақпарат министрлігіне Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесе отырып, еріктілер қозғалысын кешенді мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде заңнамалық деңгейде, қалыптастыруды тапсырды.

Экологиялық туризмді дамыту шараларына ерекше назар аударылды. Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 30,9 млн гектарды құрайды. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында 179 туристік маршрут және 42 соқпақ жол бар. Келушілер саны 2023 жылғы 2,4 млн-нан 2025 жылы 3,7 млн-ға дейін өсті.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бүгінгі таңда ұлттық парктерде жалпы инвестиция көлемі 16 млрд теңгеге дейінгі экотуризмді дамыту жобалары жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Жұмыстар Іле-Алатауы паркінде, сондай-ақ «Алтын-Емел» мен «Шарын» паріктерінің аумақтарында жүргізілуде. «Таза туризм» бағдарламасы аясында саябақтарда ақпараттық баннерлер, қоқыстарды бөлек жинауға арналған контейнерлер, қайта өңделген пластиктен жасалған эколавкалар орналастырылады, келушілер биологиялық ыдырайтын пакеттермен қамтамасыз етіледі.

Ұлттық саябақтарға бару процесін цифрландыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде. Барлық ұлттық парктер банктік сервистер арқылы онлайн төлем жүйесіне қосылған, сондай-ақ парктердің сайттарында төлем жасауға арналған QR-кодтар орналастырылған. 5 ұлттық саябақта өз қаражаты есебінен 9 бақылау-өткізу пункті автоматтандырылды. Бұл туристер үшін саябаққа баруды анағұрлым ыңғайлы етеді, ал ұлттық парктерге келушілер мен түсімдерді есепке алудың ашықтығын арттырады.

Премьер-министр экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтитын экотуризмді жүйелі түрде дамыту қажеттігіне назар аударды. Қазіргі таңда экотуризм әлемдік туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып саналады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2034-ші жылға қарай әлемдік экологиялық туризм нарығы $660 млрд-тан асуы мүмкін. Қазақстан экотуризмді дамыту бойынша жоғары әлеуетке ие, бірегей табиғи нысандар – Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Алтын-Емел, Іле-Алатауы ұлттық парктері және басқа да керемет көрікті жерлер бар. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне аумақтардың ластануына жол бермеу шараларын күшейтіп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қалдықтарды тиімді басқаруды ұйымдастыру тапсырылды. Сондай-ақ қорғалатын табиғи аумақтардағы туристік қызметтен түсетін кірістерді туристік инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде экологиялық соқпақ жолдарды, демалу орындарын және өзге де нысандарды абаттандыруға бағыттау міндеті қойылды.

Премьер-министр ұлттық табиғи парктер аумағында қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының баяу қарқынын сынға алды.

«Экология министрі Іле-Алатауы, Алтын-Емел және Шарын ұлттық парктерін абаттандыру бойынша есеп бергенімен, бұл жұмыстар бірнеше жыл бұрын жүргізілген. Содан бері айтарлықтай нәтижелер байқалмайды. Нұрлыбек Машбекұлына Министрлікпен және өңір әкімдерімен бірлесіп, табиғи парктерді абаттандыру ісіне ірі бизнесті тарту мәселесі бойынша келіссөздер өткізуді тапсырамын. Бірыңғай дизайн-кодты және тиісті жұмыс кестелерін бекіту қажет. Осы жылдың маусым айында өтетін Орталықтың келесі отырысында есеп беріңіздер», – деп тапсырды Олжас Бектенов.