АШМ: Қазақстанда егіс науқанының барысын жасанды интеллект бақылайды

Жоба пилоттық режимде іске қосылған

АШМ: Қазақстанда егіс науқанының барысын жасанды интеллект бақылайды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарының барысын бақылау үшін жасанды интеллект элементтері бар жаңа цифрлық платформа пилоттық режимде жұмысын бастады. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, платформаны жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген. Жүйе егіс науқанына қатысты мәліметтерді жинап, алдағы уақытта өндіріс көлемін талдау мен болжауға мүмкіндік береді. Болашақта оған жасанды интеллект технологиялары да енгізіледі.

«Сонымен қатар елде тұқым сапасын бақылау жұмыстары күшейіп жатыр. Биыл шаруаларға қажетті тұқым көлемі 2,3 млн тоннаны құрайды. Оның барлығы бірінші және екінші сұрып стандарттарына сәйкес болуы тиіс», - дейді Сұлтанов.

Вице-министрдің сөзінше, тыңайтқыш бағасын тұрақтандыру бойынша да шаралар қабылданған. Ал сәуір айынан бастап элеваторлар салу және оларды жаңғырту жобаларына жеңілдетілген қаржыландыруға өтінім қабылдау басталды.

Осы бағытта арнайы жол картасы әзірленген. Құжатта қаржыландыру талаптары мен астық сақтау нысандарын салу және жаңарту көрсеткіштері қамтылған. Жоспар бойынша толық қаржыландыру жүзеге асса, елдегі элеваторлардың сақтау қуаты қосымша 1 млн тоннаға дейін ұлғаяды.