Қазақстан тері мен жүнді кәдеге жарататын болды
Былтыр екі ірі жоба іске қосылған
Қазақстанда тері мен жүнді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, былтыр ірі нысандар пайдалануға берілген. Дәлірек айтқанда, Ақтөбе қаласындағы қуаты 2,2 мың тонна «Қазфельтек» жүнін қайта өңдеу жобасы және Ақмола облысындағы қуаты 2,4 мың тонна «Агро Протеин» жемшөп қоспаларын өндіру жобасы.
«Саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар қосымша 1,3 млн тонна өңдеу қуатын іске қосады», — деді Сапаров Үкімет отырысында.
Айтуынша, осы жобалардың қатарында Тараз Желатин, ЭКО Клаб, Искефе Холдинг және КазЖелатин жобалары тері мен жанама өнімдерді терең өңдеуге бағытталған. Оларды іске асыру тағамдық желатин мен жемдік қоспалар өндірісін ұлғайтуға, шикізат шығынын азайтуға мүмкіндік береді.