Пандемия кезіндегі жалған ақпарат таратқандар қандай жазаға тартылады
Ішкі істер министрлігі күні-түні әлеуметтік желіге мониторинг жасайды
Қазақстанда пандемия кезінде жалған ақпарат таратқан 86 адам ұсталып, алтауы сотталған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди мәлім етті.
Айта кетейік, әлем бойынша және әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде де «Коронавирус аспаннан 5G байланыс бағандары арқылы және тікұшақпен жерге себілген» деген ақпарат көп тарап жатыр.
«Биыл жалған ақпарат тарату және онымен күрес мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып тұр. Төтенше жағдай енгенде және 11 мамырдан бастап төтенше жағдай тоқтағанда, біз әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп келеміз. Әрбір факт бойынша сараптама жасалады. Әрі қарай қылмыстық іс қозғалады», - деп түсіндірді вице-министр.
Калайчиди хабарлағандай, жалған ақпарат таратқандарға қатысты бас-аяғы 86 іс қозғалып, алтауына қатысты бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Яғни, ІІМ өкілі жалған ақпарат таратудың жазасы айыппұл емес, қылмыстық жауапкершілік екенін ескертті.
Сондай-ақ, вице-министр карантин кезінде дәрі-дәрмек бағасын негізсіз қымбаттатқандарға қатысты қандай жаза тағайындалатынын да айттты.
«Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жатады. Дәрі-дәрмектің бағасын себепсіз қымбаттатқан ірі кәсіпкерлерге 1000 АЕК, жеке тұлғаларға 70 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - дейді Калайчиди.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан