Қазақстан экономикалық даму жағынан Ресейден озып кеткен – экономист
Танымал экономист Ресей экономикасының құлдырап бара жатқанын айтты
Танымал экономист, Париждік саяси ғылымдар мектебінің профессоры Сергей Гуриев украин журналисі Дмитрий Гордонға берген сұхбатында Қазақстан экономикалық даму жағынан Ресейді қуып жетіп, бүгінде озып кеткенін айтты.
«Егер сіз менен Ресейдің экономикасы соңғы жылдарда басынан не өткеріп жатыр деп сұрасаңыз, мен сізге оның стагнацияда екенін айтар едім. Ресей экономикасында 1991-1992 немесе 1998 жылдардағыдай макроэкономикалық апат енді болмайды, бірақ экономикалық жылдам өсімді де күтпеңіздер. Бұған дейін ресейлік экономика жылына 1,5-2%-дық өсіммен өседі деп болжанған болатын және бұл болжам орындалып келді. Ал, енді коронавирустық дағдарыстан кейін ел экономикасы қалыпқа келгенде онымен қатар стагнациялық тренд те қалпына келеді», - деді экономист.
Ол Ресейде экономикалық реформалардың жүзеге аспай жатқанын да айтып қалды.
«Жетпісінші-сексенінші жылдардағы КСРО экономикасындағы жағдайға ұқсас: реформа жоқ – экономикалық жылдам өсімді күтудің де қажеті жоқ. Бұл өкінішті жағдай. Өйткені, әлемдік экономика қарыштап дамып барады. Ал, Ресей одан қалып барады. Ресейді тіпті, Қазақстан қуып жетіп, бүгінде басып озды. Бұрын посткеңестік елдер арасында Ресей ең бай мемлекет болатын. 20 жыл бұрын Қазақстанның экономикасы одан 40 пайызға артта болса, қазір қуып жетіп алды», - деді Гуриев.
Айта кетейік, Bloomberg агенттігі сарапшыларының мамыр айында жасаған болжамына сәйкес, Ресейдің ЖІӨ 2020 жылдың екінші тоқсанында 16 пайызға дейін төмендеп, тоқсаныншы жылдардан бергі ең нашар көрсеткішке ие болады.