Қазақстанның жүгі Еуропа нарығына шығады - Скляр Латвияның көлік министрімен кездесті
Қазақстан мен Латвия көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Астанада ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Латвия Республикасының Көлік министрі Атис Швинкамен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Келіссөздер барысында көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Тараптар теміржол және транзиттік тасымалдардың оң динамикасын атап өтіп, Қазақстанның жүктерін Еуропа мен басқа да нарықтарға жеткізу үшін Латвияның порттарын пайдалану мүмкіндіктерінің артып келе жатқанын айтты.
«Сонымен қатар тараптар автокөлік және әуе қатынасы, рәсімдерді цифрландыру мәселелерінде өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екендіктерін растады. Электрондық сауда мен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту аясындағы жаңа логистикалық жобаларды іске асыру әлеуетіне ерекше назар аударды», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Кездесу қорытындысында тараптар нақты бастамаларды бірлесіп әзірлеуге және бейінді ведомстволар деңгейінде диалогты жалғастыруға уағдаласты.