$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.06.2020, 08:56
Экономика

Қазақстандағы автобус парктерінің кірісі үш есе, таксопарктер табысы 80 пайызға дейін төмендеді

Жолаушылар тасымалы кірісінің шамамен, 90 пайызы автобус тасымалына тиесілі

Қазақстандағы автобус парктерінің кірісі үш есе, таксопарктер табысы 80 пайызға дейін төмендеді
Фото: ашық дереккөзден

Еліміздегі автобус парктерінің кірісі үш есе, таксопарктер табысы 80 пайызға дейін төмендеген. Жолаушыларды автомобиль және қалалық электр көліктерімен тасымалдау 37 пайызға, жалпы жолаушылар айналымы 38 пайызға қысқарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Соңғы демалыс күндері Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Павлодар және Екібастұз қалаларында шектеу шаралары күшейтіліп, қоғамдық көліктердің жұмысы уақытша тоқтатылған. Дегенмен, такси қызметі жұмысын жалғастыра берді.

Коронавирус індеті басталғалы қаладағы қоғамдық көліктердегі жолаушылар саны күрт азайып 36,7 пайызды құрады. Яғни, қаңтар-мамыр айларына небәрі 5,9 миллиард жолаушы қатынаған. Жолаушылар айналымы бірден 37,7 пайызға қысқарып, 63,9 миллиард жолаушы шақырымына төмендеген. Қалалық электр көлігі және автомобильмен қатынайтын жолаушыларға автобуспен жүруге тура келді: 2020 жылдың қаңтарынан мамырына дейін шамамен, 4,4 миллиард жолаушы қатынаған. Соған қарамастан автобус тасымалы 38,6 пайызға азайып, ең көп қысқарту байқалды.  

Ал 1,5 миллиард жолаушы тасымалдаған такси қызметі өткен жылмен салыстырғанда 30,3 пайызға төмендеген.

Ең аз зардап шеккен трамвай тасымалы – жолаушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 17,3 пайызға төмендеген.

Автомобиль және қалалық электр көліктері кәсіпорындарының кірісі қаңтар-мамыр айларында 7,9 пайызға қысқарып, 95 миллиард теңгеге дейін төмендеген.

Жүк тасымалы 9,7 пайызға артса, жолаушылар тасымалының кірісі бірден 32,6 пайызға қысқарып, қаңтар-мамыр айларында 28,9 миллиард теңгені құрады. Бұл - олардың үлесін 41,6 пайыздан 30,4 пайызға дейін азайтқан.

Жолаушылар тасымалы кірісінің шамамен, 90 пайызы автобус тасымалына тиесілі. Осы жылдың бес айында 26 миллиард теңгені құрап өткен жылмен салыстырғанда 30,4 пайызға азайған. Ал, такси қызметінің кірісі 389,2 миллион теңгеге дейін азайып, 83,8 пайызға қысқарған.  

Абзал Алпысбайұлы

Серіктес жаңалықтары