Қазақстанда бірыңғай қаржы омбудсмені қызметі құрылады
Оның шешімін қаржы ұйымдары орындауға міндетті болады

Қазақстанда әртүрлі бағыттағы омбудсмандарды біріктіретін бірыңғай қаржы омбудсмені қызметі құрылады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Агенттік төрағасы қарыз алушылардың құқығын қорғау үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты.
«Біз банк омбудсменін құрдық. Егер есіңізде болса, былтыр қабылданған кезде микроқаржы омбудсмені де құрылды. Ал биыл қаңтардан бастап бізде сақтандыру омбудсмені жұмыс істеп жатыр. Енді бірыңғай қаржы омбудсмені қызметін құрып жатырмыз. Бұл тұтас бір офис болады. Оның ішінде әр бағыт бойынша омбудсмандар жұмыс істейді: сақтандыру, банк және микроқаржы саласы бойынша. Қазір біз бағалы қағаздар нарығы үшін де жеке омбудсмен қарастырып жатырмыз. Бірыңғай омбудсмен азаматтардың өтініштерін қарайды және оның шешімдері қаржы ұйымдары үшін міндетті болады», - дейді Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.
Айтуынша, бұл қарыз алушылардың құқығын қорғайтын сотқа дейінгі дауларды шешудің бір тетігі.