$ 539.54  637.09  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда банктер үшін лицензияның екі түрі енгізілуі мүмкін

Банктер туралы заң жобасына осындай өзгеріс енген

Қазақстанда банктер үшін лицензияның екі түрі енгізілуі мүмкін
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда нарыққа жаңа банктерді тарту үшін лицензияның екі түрін енгізу ұсынылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтқанда, агенттік базалық және әмбебап банк лицензиясы моделін енгізуді ұсынған.

«Бұл тәсілдің мақсаты – ірі банктердің ғана емес, сол сияқты нарыққа жаңа қатысушылардың дамуын қамтамасыз ететін орнықты әрі бәсекелес ортаны қалыптастыру. Халықаралық практика көрсеткендей, банк қызметі түрлі лицензиялар негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Мәселен, Ресей, Литва, Сингапур және АҚШ елдерінде шағын банктер үшін жеке базалық лицензия көзделген. Еуропа одағында, Ұлыбританияда, Швейцарияда, Жапонияда бірыңғай лицензия аясында тепе-тең талаптар көзделген. Банктер туралы заң жобасында осы тәжірибені ескере отырып, банк лицензиясының екі түрін енгізу ұсынылады – базалық және әмбебап», - деп түсіндірді Әбілқасымова Мәжілісте заң жобасын таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, базалық лицензия әмбебап лицензиядан рұқсат етілген операциялар көлемі мен реттеушілік талаптар деңгейі бойынша ерекшеленеді.

«Базалық лицензиясы бар банктер үшін заң жобасында активтердің ең жоғары мөлшері мен меншікті капиталдың ең аз мөлшеріне шектеулер белгіленеді. Бұл ретте нақты шекті мәндер заңға тәуелді актілерде айқындалады. Қазіргі кезеңде активтердің мөлшерін 500 млрд теңгеге дейін және капиталдың ең аз мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін шектеу жоспарланып отыр», - деді ол.

Базалық лицензиясы бар банктерге бейрезиденттер мен үлестес тұлғаларға кредит беруге тыйым салынады. Бұл шағын банктердің орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп санайды агенттік.

Серіктес жаңалықтары