$ 539.54  637.09  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет қазақстандық банктерге қандай жағдайда көмектеседі - жаңа заң жобасы

Мемлекет жүйелік маңызы бар банктерге ғана көмектеседі

Мемлекет қазақстандық банктерге қандай жағдайда көмектеседі - жаңа заң жобасы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын таныстыру барысында банктерге қандай жағдайда мемлекеттік көмек көрсетілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әбілқасымованың айтуынша, банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін банктерге жаңа талаптар енгізіліп отыр. Яғни олар алдын ала қалпына келтіру жоспарлары мен реттеу жоспарларын әзірлеуге тиіс.

«Қалпына келтіру жоспары банкті дағдарысты жағдайдан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды қамтиды. Мұндай жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің міндеті болады. Жүйелік маңызы бар банктер үшін шығындарды «сіңіру» қабілетінің жеткілікті деңгейін қолдау талабы енгізіледі, бұл төлем қабілетсіздігі туындаған жағдайда, олардың міндеттемелерін капиталға айырбастауға мүмкіндік береді және сыртқы қолдау қажеттілігін азайтады. Мемлекеттің банктерді қолдауға қатысуы тек шектен тыс шара ретінде жүйелік маңызы бар банктерге қолданылады. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін жүйелік маңызы бар банктің капиталына тікелей кіруі мемлекеттік қолдаудың жалғыз нысаны болады», - деді Әбілқасымова Мәжілісте.

Ол мемлекеттің көмегі уақытша әрі өтеулі сипатта болатынын атап өтті. Мемлекет көмектескен жағдайда қаржы ұйымына банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптарды қояды.

«Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады», - деп түсіндірді агенттік төрағасы.

Серіктес жаңалықтары