Қазақстан үш қаладағы ЖЭО-ның құрылысын Ресейге тапсырмайтын болды
Ресей тарапынан қаржыландыруға қатысты ұсыныстар түссе, олар бұл жобаға серіктес бола алады

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жаңа жылу электр орталықтарын Ресей емес, Қазақстан өзі салады. Бұл туралы бірінші вице-премьер Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Интер РАО» компаниясы экспорттық қаржыландыру алуға тиіс еді, алайда олар оны жүзеге асыра алмады. Сондықтан бұл жылу электр орталықтарын өз күшімізбен салу туралы шешім қабылданды. Кеше БАҚ-та Көкшетау ЖЭО құрылысы белсенді фазасына өткені туралы ақпарат шықты, тапсырыс беруші – «Самұрық-Энерго» компаниясы. Семей мен Өскемендегі станциялар бойынша да дәл осылай болады. Егер біз ресейлік әріптестерімізден қаржыландыру бойынша ұсыныстар түссе, «Самұрық-Энерго» оларды серіктес ретінде таңдауы мүмкін. Бұл жағынан ешқандай кедергі жоқ. Мұның бәрі жаңа станция қуат нарығы есебінен жұмыс істей отырып, қолданыстағы тариф шегінен аспайтын баға ұсынуы үшін жасалып отыр», – деді Скляр Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Естеріңізге салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Көкшетауда жаңа ЖЭО құрылысы басталғанын мәлімдеген болатын.