Роман Скляр доллар бағамына қатысты болжамын айтты
Ұлттық банк қазір валюталық интервенция жүргізіп жатыр

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр доллар бағамы алдағы уақытта төмендейді деп болжап отыр. Бұл туралы ол Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Менің және әріптестерімнің болжамы бойынша доллар бағамы бәрібір төмендейді. Ол қазіргідей жоғары болмайды. Біз мұндай жағдайларды, бағамның тұрақталған кезін бұған дейін де бірнеше рет көргенбіз. Менің ойымша, Ұлттық банк бұл үшін қолдан келгенін жасайды және нарық та қажетті бағытта әрекет етеді деп ойлаймын», - деп мәлімдеді Скляр.
Естеріңізге салайық, осы аптада теңге біршама әлсіреп, доллар бағамы 550 теңгеден асып кеткен болатын. Доллардың қымбаттауына байланысты Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізуге кірісті.