Ресей Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдайтын мұнай көлемін ұлғайтқысы келеді
Мұнай транзитінен түсетін табыс жылына 40 млн долларға артуы мүмкін

Ресей Қазақстан арқылы Қытайға мұнай транзитін 2,5 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, көрші ел Қазақстан тарапына осындай өтініш білдірген.
«Ресей тарапынан, атап айтқанда «Транснефть» компаниясынан Қытайға бағытталатын ресейлік мұнай транзитін 2,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту туралы өтініш келіп түсті. Қазір «Транснефть» пен «ҚазТрансОйл» компаниялары техникалық мүмкіндіктерді зерделеп жатыр. Жақын арада бұл жұмыстар аяқталады деп ойлаймын, сол кезде жаңа мұнай айдау стансаларын салу қажет пе деген сұраққа нақты жауап аламыз. Ал алдын ала болжам бойынша, біз бұл көлемді арнайы қоспаларды қолдану арқылы игере аламыз деп ойлаймын», – деді Ақкенженов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір Қазақстан арқылы Қытайға транзитпен жылына 10 млн тонна ресейлік мұнай жеткізіледі. Осы арқылы еліміз жылына 170 миллион доллар табыс тауып отыр. Транзит көлемі ұлғайғаннан кейін бұл табыс 43,5 млн долларға артпақ.