Петропавлда жаңа жобалар іске қосылып, тұрақты жұмыс орындары ашылып жатыр
Биыл қалада 11 жоба аясында 300-ден астам жұмыс орны ашылмақ

Соңғы жылдары Петропавл қаласында нақты сектор – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өңдеу салаларында бірқатар инвестициялық жоба сәтті іске асып, жаңа өндірістер құрылып, жұмыс орындары ашылып жатыр. 2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында қала экономикасында оң серпін байқалады. Ұлттық статистика бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, Петропавл қаласында өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 212 270,1 млн теңгені құраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа өндірістік жобалар
Петропавлда іске қосылған алғашқы ірі жобалардың бірі – «Аллагеум Электрик» компаниясының электротехника зауыты. Жоба аясында жылына 13 мың дана күштік трансформатор шығару көзделіп отыр, 310 жаңа жұмыс орны ашылған. 2024 жылы 5 142 дана трансформатор жиналған, биыл кәсіпорын 8 мыңнан астам трансформатор шығаруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ CLAAS неміс компаниясы жылына 600-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыт құрды. Қазірдің өзінде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр 331 техника құрастырылса, осы жылы 534 бірлік техника шығару көзделіп отыр. Соның ішінде 200 комбайн, 160 жатка, 74 тұқым сепкіш, 100 трактор, сондай-ақ 400 а.к. қуатты АXION 9.420 жаңа тракторын құрастыру жоспарда бар.
Қалада жүзеге асқан тағы бір жоба — «Казтехмаш» машина жасау зауыты. Қуаттылығы жылына – 170 дана, 70 жұмыс орны ашылған. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 3 млрд теңге. Қазіргі уақытта SAMPO фин бренді комбайндарының құрастырылуы басталды.
Немістің Reimann компаниясы тіркемелі техника өндіретін зауытын іске қосты. CLAAS және HORSCH компанияларымен әріптестікте жұмыс істейтін бұл кәсіпорын жылына 150 техника шығаруға ниетті. Жоба аясында 52 жұмыс орны құрылды, инвестиция көлемі – 1,4 млрд теңге.
Ал түркиялық «NordPanels» компаниясы фанера мен ағаш жоңқалы плиталар шығарады. Жылдық қуаты – 50 000 м³ өнім. 350-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады, инвестиция көлемі – 8 млрд теңге.
Жалпы арнайы экономикалық аймақ аумағында жалпы құны 279 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар аясында 3 300 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы
Қалада ауыл шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Өсімдік шаруашылығы саласында өнім көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 526,8 млн теңгеге артса, мал шаруашылығында 531,6 млн теңгеге өсім тіркелді.
Петропавл қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Олар ұн, май, сүт, нан-тоқаш, ет өнімдері мен жартылай дайын мұздатылған тағамдар шығарады. Өнімдері Орталық Азия елдері мен Ресейге экспортталады.
Агроөнеркәсіп кешені саласында кәсіпкерлер «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кең дала 2» және «Агробизнес» бағдарламаларына қатыса алады. Бұдан бөлек, «Даму» қоры кәсіпкерлерге субсидиялау және қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл – шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталған нақты механизмдер.
Биыл Петропавл қаласында 11 жоба аясында 322 жұмыс орны (оның ішінде 200 тұрақты, 122 уақытша) ашылады. Қазіргі таңда «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар» секілді бағдарламалар жүзеге асып жатыр.